Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Танымал қазақстандық ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин кіммен шаңырақ көтерді?

AstanaTV
13.01.2023ж. 20:00
1564
Танымал қазақстандық ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин кіммен шаңырақ көтерді?

Ассалаумағалейкум, спортсүйер көрермен! Спорт әлеміндегі соңғы ақпараттармен бөлісейін. АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында 2023 жылғы Қысқы Универсиада салтанатты түрде ашылды. Спорттың 10 түрі бойынша 78 спортшы ел намысын қорғайды. Дүбірлі доданың шымылдығын хоккейшілер ашты. Қазақстандық құрама алғашқы кездесуін Оңтүстік Кореямен өткізіп, 5:1 есебімен жеңіске жетті. Ғалым Мәмбеталиевтің шәкірттері ойынның алтыншы минутында есеп ашты. Нұрлан Алдияр ерекшеленді. Екінші кезеңнің басында оңтүстік кореялықтар есе қайтарып, ойын көрігін қыздыра түскендей болған. Бірақ қазақстандықтар сол қателіктен кейін қарсылас қақпасына бірден 4 шайба тоғытты. Айта кетейік, қысқы Универсиада 22 қаңтарға дейін жалғасады.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Спорттағы сәттілік еңбекпен және күш-жігермен бірге келеді. Сондықтан сіздерге шыдамдылық, ішкі шабыт және жеңіске деген мызғымас сенімділік тілеймін. Біздің құрама еліміздің намысын лайықты түрде қорғай алатынына сенімдімін.

ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясында өткен матчта елордалық «Барыс» ЦСКА-дан жеңіліп қалды. Кездесу 2:5 есебімен аяқталды. Жеңімпаздар қатарында Матвей Гусков, Константин Окулов, Сергей Плотников, Максим Мамин және Антон Слепышев голдың авторы атанды. «Барыс» сапында Сағадеев пен Дмитрий Шевченко бір голдан соқты. Еске салайық, 14 қаңтарда «Барыс» «Нефтехимик» командасын қабылдайды.

Андрей СКАБЕЛКА, «БАРЫС» ХК БАС БАПКЕРІ:

Жанкүйерлерге бізді қолдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Өкінішке орай оларды қуанта алмадық. ЦСКА-да зор шеберлік бар екені түсінікті. Біз қарсыластың шабуылына төтеп беруге тырыстық. Алайда лайықты мінез таныта алмадық. Екінші кезеңде тіпті сылбыр ойнадық. Бұл матчтың өзіне пікір білдірудің өзі қиынға соғады.

Хоккейді қойып, футболға көшсек. ФИФА «Жылдың үздік ойыншысына» үміткерлерді атады. Олардың қатарында Карим Бензема, Эрлинг Холанд, Килиан Мбаппе, Неймар, Мұхамед Салах пен Роберт Левандовски бар. Соңғысы өткен жылдың үздігі атанған еді. Айта кетейік, Халықаралық футбол федерациясы бірқатар номинацияға номинанттарды анықтады. Мәселен, 2022 жылдың үздік голы аталымында футбол әлемінде есімі сирек аталатын италиялық талант Марио Балотелли бақ сынайды. Түркияның суперлигасындағы голы оның әлі де бабында екенінің дәлелі іспетті. Қатардағы әлем чемпионатының үздік бомбардирі Килиан Мбаппе де бұл аталымға қатысады. Оның Аргентинаға қарсы голдары көптің көңілінен шыққаны анық. Бразилиялық Ришарлисонның орындауындағы Әлем чемпионатындағы үздік гол да бұл аталымда бар.

Испания Суперкубогы финалында «Реал» мен «Барселона» кездеседі. Эль Классико алғаш рет Испанияда емес, Сауд Арабиясында Эр-Риядтағы Фахд Патша атындағы стадионында өтеді. 15 қаңтарда әлем екіге бөлініп, сүйікті клубтарына жанкүйерлік танытады деген сөз.

Танымал қазақстандық ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин екінші рет отбасын құрды. Спортшының таңдауы бизнес вумен Татьяна Гордиенкоға түскен. "Мен әлемдегі ең керемет жанға күйеуге шықтым" деп инстаграмда жариялады қалыңдық. Видеода екі жастың некесі елордағы салтанат сарайында қиылғанын көруге болады.

Осындай көтеріңкі нотада спорт жаңалықтарын аяқтаймыз. Спортшыларымыздың мерейі әрдайым үстем болсын!

Қ. Мерей