Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

ТікТок-та қауіпті ойын ойнаған 13 жастағы қыз өзіне-өзі қол салды

AstanaTV
17.01.2023ж. 20:00
1912
ТікТок-та қауіпті ойын ойнаған 13 жастағы қыз өзіне-өзі қол салды

ТікТок-та қауіпті ойын ойнаған 13 жастағы қыз өзіне-өзі қол салды. Желіде елдің зәресін ұшыратын аудиожазба тарады. Автор өзін суицид жасап қайтыс болған жеткіншектің әкесімін деп таныстырады. Ата-аналарға ескерту жасап, балаларының ұялы телефонын тексеруге шақырған. Бұл қаншалықты рас? Аружан Задабек анықтап көрді.

13 жастағы қыз үйдегі баспалдақта асылып, қайтыс болған. Жеткіншектің әкесі оған ТікТок-тағы ойын кінәлі дейді. Айтуынша, платформада жаңа ойын пайда болған. Оның өз шарттары бар. Алдымен бала тамырын кессе, кейін асылып өледі.

ҚАЙТЫС БОЛҒАН ҚЫЗДЫҢ ӘКЕСІ:

Балаларыңыздың телефонын тексеріңіздер. Мен ары қарай қалай өмір сүрерімді, не істерімді білмеймін. Барлығы телефонның кесірінен.

Марқұмның әкесі қызымнан айырылған күні Таразда тағы екі оқушы өз-өзіне қол жұмсаған дейді. Алайда олар ұялы телефондағы ойынды өшіріп үлгерген. Хабарламаның рас-өтірігін анықтау үшін Жамбыл облыстық полиция департаментіне хабарластық. Құзырлылар бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.

Гүлсара МҰХТАРҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Жамбыл облысының Полиция департаменті аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында суицид деректері тіркелмеген.

Елімізде жеткіншектер арасында интернеттен жапа шеккендер саны 10 есе өскен. Былтыр 100-ден астам жеткіншек қибербуллингтің құрбаны болды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- 3 класс оқитын қызым бар, қарап отырамын. Бірақ ондай ойын ойнамайды. Үнемі контрольда. Ата-аналар азаннан кешке дейін жұмыста ғой. Қолы босамайды, бала қараусыз қалады.

- Ата-аналарды да кінәлауға болмайды. Балаларды үйірме, сондайға қатыстыру керек шығар, қызықты. Қызығушылықтарын ояту үшін.

- Отырып сөйлесу керек, айту керек. Мынаны балам былай болмайды, байқап жүр, соткадан әртүрлі нәрсе шығады.

Ғаламтордағы қауіп-қатермен күресте ата-ананың рөлі маңызды екенін психологтар да айтады. Сондықтан балаларына интернеттегі қауіп туралы айтып, мінезіндегі кез келген өзгерісті бақылауда ұстау керек дейді.

Жанар АМАНҒАЛИЕВА, ПСИХОЛОГ:

Кейде ата-аналар баласының бойынан жағымсыз өзгерісті байқаса, бірден ұрсып, кінәлап шығады. Олай жасауға болмайдыЕгер ол қауіпті екенін білетін болса, бірден айтпау керек балаға ол қауіпті зиянды нәрсе деп. Себебі ол шошып кетіп, ата-анасына қандай ойын ойнап жатқанын айтпауы мүмкін. Мысалы жаман топқа келсе, олар «ата-анаға ешкімге айтпа» деп айтады ғой. Сондықтан әр ата-ана 18 жасқа дейінгі балаларды қадағалау керек.

Гаджеттерді шектеп тию мәселенің шешімі емес дейді қоғам белсендісі. Сондықтан ата-ана бірден емес біртіндеп баласының назарын дұрыс дүниеге бұру керек деп санайды.

Гүлнар ОМАРОВА, АТА-АНАЛАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒА КЕҢЕСШІСІ:

Балаға дос болу керек. Және де баланың жақындарын, достарын тани білу керек. Мына интернет достарына дейін білу керек. Өйткені, заман талабына сай біз балаларға интернетке отырма деп айта алмаймыз.

Интернетті уыста ұстап, күмәнді сайтты бірден бұғаттау мүмкін емес. Сондықтан баланы сақтап қалу тек ата-ананың қолында дейді мамандар.

А. Задабек