Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Алматыда көпбалалы отбасы далада қалмақ

AstanaTV
17.01.2023ж. 20:00
1122
Алматыда көпбалалы отбасы далада қалмақ

Алматыда көпбалалы отбасы далада қалмақ. Қазір жанұя жатақхананың аядай бөлмесін паналап отыр. Айтуларынша, отбасында үшем дүниеге келгенде әкімдік өкілдері баспана береміз деп уәде етіпті, бірақ сөзінде тұрмаған. Ал бұған жауаптылар не дейді? Тараптарды тілшіміз Мөлдір Жақан тыңдады.

Айжан Самат – 5 баланың анасы. Осыдан 4 ай бұрын үшемді дүниеге әкелген. Айтуынша, перзентханадан шыққан күні әкімдік өкілдері отбасын құттықтап келген, нәресте арбасын табыстаған. Сондай-ақ, «екі бөлмелі пәтерді сыйға береміз» деді дейді. Бірақ содан бері тым-тырыс қалғанын айтады. Қазір олар жатақхананың қуықтай бөлмесін 90.000 теңгеге жалдап өмір сүріп жатқан көрінеді.

Айжан САМАТ, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Коляскаларды акиматтың жетекшісі алып келген кезде астындағы охраналардың бәріне айтып кеткен екен. Двухкомнатный квартира береміз сіздерге деп бәрі құттықтап... Енді бізде ойымызда сол болды – үйлі болу. 5 баламен мына үйге сыймай жатырмыз. Балаларға қиын болып жатыр. 3 айдың ішінде 3 рет больницаға түстік.

Отбасының көмек сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Тіпті, үй алу үшін кезекке де тұра алмайтын көрінеді. Себебі, ол үшін қалада кемінде 3 жыл тұрақты тіркеу талап етіледі.

Нұртаза ДҮЙСЕНБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Барлық жаққа барсаң, әйтеуір есік жабық тұрады қарапайым халыққа. Өкіметтен ешқандай көмек жоқ. Кейбір семьялар айтады ай сайын продуктымызды әкеп тұрады деп. Ондай жоқ.

Ал жергілікті атқамінерлер бұл отбасыға кім үй береміз деп айтқанын анықтай алмай дал. Сөздерінше, Заңда «дүниеге үшемдерді әкелуі» деген арнайы санат қарастырылмаған және оларға үй беруге әкімдік міндетті емес. Көпбалалы отбасыларға баспана арнайы тiзiмде белгiленген кезектілік тəртібімен ғана берiледi дейді.

Нұрбол ҚАЖИН, АЛМАТЫ қ. КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

ҚР Заңнамасына қарай сүйенеміз. Тұрғын үй туралы заңына. Ол жерде көпбалалы отбасылар, социально уязвимые слои населения дейміз ғой, солар да бар. Очередьтің условиялары бар. Условиялардың көбісі - ол 3 жыл қаладағы пропискасы болу керек. Және 5 жыл аттарында үй болмауы керек.

Көпбалалы отбасы тығырыққа тіреліп тұр. Олар паналаған жатақхана алдағы 1-2 айда жөндеу жұмыстарына жабылады. 5 баласы бар жанұя далада қалуы әбден мүмкін.

М. Жақан