$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Пияз экспортына не себепті шектеу қойылды?

AstanaTV
18.01.2023ж. 20:00
3607
Пияз экспортына не себепті шектеу қойылды?

Елімізде пияз экспортына 3 ай мерзімге тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомствоаралық комиссиясы осындай шешім қабылдады. Мұндай шектеу не үшін қойылды? Биыл елімізде пияз тапшылығы бола ма? Рабиға Бақытжанқызы анықтап көрді.

Әлемдегі ең ірі пияз өндірушілердің бірі Пәкістандағы су тасқыны өнімге сұранысты арттырды. Сыртқы нарықта қажеттіліктің жоғарылауы жергілікті көкөністерді «сұр схемалар» арқылы басқа елдерге экспорттау ықтималдығын арттырған. Осы жағдайды ескерген ведомствоаралық комиссия 3 ай пиязды сырт мемлекеттерге шығаруға тыйым салды.

Дамир ЕГІЗБАЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бұл пияздың Қазақстанда жаппай шығарылымын болдырмау, пияз бағасын тұрақты ұстап тұру үшін жасалды. Пияздың қоры бізде жеткілікті. Бірақ басқа да елдерде катаклизм жағдайлар болып жатыр. Соның әсерінен, мына экспорт тым ұлғайып, ішкі нарықта болмай қала ма деген қауіп бар. Сол арқылы осындай шешімге келіп отырмыз.

Сала мамандарының айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Әзірге қолда бар қоры халықты толық қамтуға жеткілікті. Елімізде жылына 1 млн тонна пияз өндіріледі. Тұтыну көлемі-шамамен 315-360 мың тонна. Ал бір айлық сұраныс -25-30 мың тонна.

Әлия ӘБДІРАХМАНОВА, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Фискалдық деректер операторларының деректері бойынша бір килограмға пияздың орташа құны 169 теңгені құрайды, ШҚО-да ең жоғары құны 238 теңгені, Алматыда ең төменгі құны 111 теңгені құрайды.

Жығылғанға жұдырық болғандай Өзбекстан мен еліміздің оңтүстік өңірлердегі қатты аяз пиязды жарамсыз етіп, шаруаларды шығынға батырды. Жылыжайлардағы пияз үсіп қалды.

Әбдірайым ӘБДІРАХЫМОВ, ШАРУА:

Қазірдің өзінде 2 млн-ға шығынға батып отырмыз. Мұның ішінде кленкасы бар, темірі бар, шығаратын дәніміз бар. Көшеттеріміз күйіп кетті мының ішінде. Көшет шығаратын жеріміз де құлап қалды. Қайттан көшет шығаруымыз керек.

Ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктері нарықтық жағдайды жақсарту кезінде барлық шектеулерді уақытылы алып тастау үшін елдегі және әлемдегі жағдайды мұқият қадағаламақ.

Р. Бақытжанқызы