$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда қоқыс тарифі екі есе қымбаттамақ

AstanaTV
18.01.2023ж. 20:00
931
Қызылжарда қоқыс тарифі екі есе қымбаттамақ

Қызылжарда қоқыс тарифі екі есе қымбаттамақ. Кәсіпкерлер мұны шығынның өсуімен түсіндіреді. Ал қала халқының жауаптыларға өкпесі қара қазандай. Үйіліп жатқан қоқысты шығармай отырған компанияналарға тарифті көтеруге рұқсат бермеу керек дейді. Ал билік өкілдері қандай пікір ұстанып отыр? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин біліп көрді.

Тұрмыстық қалдыққа жауапты 4 кәсіпорын жағдай бұлай жалғаса берсе, банкротқа ұшыраймыз деп алаңдайды. 220 теңгенің шамасындағы тариф алты жыл бұрын бекітіліпті. Тариф мәселесі ұмыт қалғандықтан, жауаптылар белшеден шығынға баттық деп отыр.

Лариса ПОНОМАРЕВА, ҚОҚЫС ШЫҒАРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Бізде қоқыс шығаратын 3 техника бар. Олар өткен ғасырдың 80 жылдары шығарылған. Демек бізге техниканы жаңарту керек. Алты жылдың ішінде жанармай, жалақы, барлығы қымбаттады. Егер тариф өспесе, қала қоқысқа батады.

Қала тұрғындарының қоқыс шығарушы компаниялар алдындағы берешегі 20 млн теңгеден асқан. Оны өндіріп алу әзірге қиынға соғып отыр дейді жауапты кәсіпорын өкілдері.

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қоқыс шығаратын компаниялар бізге бір жылдық шығындары жайлы есеп берді. Соған сәйкес 480 және 510 теңге деген баға құрылған. Қазіргі таңда бұл құжат НПА сайтында жарияланды. Кейін экспертермен келісілетін болады. Содан кейін мәслихаттың қарауына жіберіледі.

Жаңа жыл мерекесінен кейін халық қоқыстан көз ашпай қалды. Тұрмыстық қалдықтар бір апта жиналмай, тұрғын үй аулаларында тау боп үйіліп қалды. Мәселе енді ғана біртіндеп шешіле бастады. Ал ашынған тұрғындар қызмет сапасы бағаға сай болуы тиіс деп санайды.

БЛИЦ-САУЛНАМА:

- Тарифті көтеру керек. Мен қарсы емеспін. Бірақ бірден 480 теңгеге дейін қымбаттатқаны сұмдық әрине.

- Тарифті көтерсін. Бірақ есік алдында қоқыс тау болып үйіліп жатпау керек.

Шенеуніктердің айтуынша, депутаттар мәслихат сессиясының барысында тарифті 480 теңге емес, одан төмен етіп бекітуі мүмкін. Бір айдан кейін нақты шешім шықпақ.

А. Құрманкин