$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Биыл Тараз қаласында 1000-нан аса адамға жер телімдері беріледі

AstanaTV
11.08.2016ж. 20:00
4201
Биыл Тараз қаласында 1000-нан аса адамға жер телімдері беріледі

Биыл Тараз қаласында 1000-нан аса адамға жер телімдері беріледі. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалында жастармен өткен жиында айтылды. Ал Жер кодексіне енгізілген өзгерістерден жастар хабардар болуы тиіс. Осылай деген «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері «Еркін пікір» пікірсайыс клубының отырысында заңдағы өзгерістерді түсіндірді. Жылына екі рет бас қосатын клуб жиынында бұл жолы да қызу пікірталас болды.

Бақкелді Тұрсынбек, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ төрағасы:

Бізде ҚР жас деп 14 пен 28 жас аралығындағыларды айтады. Бірақ нақты жер телімі әрбір ҚР азаматына берілуі тиіс деген Елбасымыздың жолдауында айтылған мәселе бар. Сондықтан да әрбір Қазақстанның жасы 18-ге, яғни кәмелеттік жасқа толғаннан бастап, 10 соттық жер телімін алуға құқығы бар.

Ал Тараз әкімдігі жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, 2010 жылдан бастап, қала аумағына 6 мың гектарға жуық жер телімі қосылған. Байзақ және Жамбыл аудандарындағы телімдер ауыл шаруашылығына арналған. Оның ішінде 2 жарым мың гектары жеке тұрғын үй құрылысына жарамды. Қалғаны 6 ауылдық округ пен 32 саяжай алқабы. Ал, қалада кезекте тұрғандар саны 62 мың адам. Соңғы жылдары жер алуға өтініш бергендер екі есеге өскен.

Арнұр Тоқсабаев, Тараз Қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

Сол 62 мың адамның өтініш қанағаттандыру үшін Тараз қаласына тағы 17 мың гектар жер керек болады. 2013 жылы Көлтоған алқабынан 250 гектар жер телімінен тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға 1132 учаске берілді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ