$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Дмитрий Баландин 2017 жылғы Универсиада алауын алып жүретін болды

AstanaTV
12.08.2016ж. 20:00
2952
Дмитрий Баландин 2017 жылғы Универсиада алауын алып жүретін болды

Олимпиада чемпионы атанған Дмитрий Баландин 2017 жылғы Универсиада алауын алып жүретін болды. Бұл туралы Универсиада дирекциясы хабарлады. Ал Рио-2016 Олимпиадасының жетінші күні Қазақстан қоржыны кемі бір медальмен толығуы мүмкін. Дүбірлі додаға үкілеп қосқан зілтемірші Денис Уланов бүгін бәсекеге түседі. Ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушы болжамын Берік Хасенов біліп келді.

Рио-2016-ның алтыншы күні 4 боксшы шаршы алаңға шықты. Үкілеп қосып, үміт күткен Қазақстан құрамасының үш боксшысы айқын басымдықпен Олимпиаданың келесі айналымына өтті. Олар - 56 келі салмақтағы Қайрат Ералиев, 69 келідегі Данияр Елеусінов пен 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов. Өкінішке орай, 64 келідегі Абылайхан Жүсіпов жарыс жолынан шығып қалды. Ал бүгін 75 келіге дейінгі салмақта қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы алжирлік Ильяс Аббадимен жұдырық түйістіреді. Бұған дейін оның өнеріне таңдай қаққан ресейліктер қарсыластарына қиын соғады деген еді. Танымал спортшы Руслан Іргебаев та жерлесіміздің басым түсетініне сенімді.

Рустам Іргебаев, «Астана Арланс» кәсіби бокс клубының спорт директоры, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

Василий Левит, Жәнібек Әлімханұлы өте ұнады. Олардың көздері жанып, қарсыластарын жеп қоюға дайын. Орысша айтқанда, настройлары жақсы жігіттердің. Медаль күтуге болады, Алтын күтуге болады.

Бүгін қазақстандық спортшылар зілтемір көтеруден медальға таласады. Олардың ішінде 85 келіге дейінгі дәрежедегі Азия чемпионы Денис Уланов та бар. Ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушы оның бабында екенін айтады. Мендіхан Тәпсір болжам айтудан сақтанғанымен, Уланов қоржынға кемі қола медаль салады деп сенеді.

Мендіхан Тәпсір, ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушы:

Дәл кетерінің алдында біз соңғы іріктеу, соңғы сыналту жарысында оның көрсеткіші әлемдік рейтінг бойынша бірінші орында болған. Жарыста ол 370 келіге тапсырыс беріп отыр, қос сайыс нәтижесі бойынша. Тапсырысты орындаған жағдайда ол кемдегенде 3 орынға ие болады.

Сонымен қатар, Риода бүгін жеңіл атлетикадан да жарыстар басталады. Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан Рио Олимпиада жазғы ойындарындағы медальдар рейтингінде он екінші орында тұр.

Берік ХАСЕНОВ