Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қостанай облысының шаруалары егінге орақ салуға дайын

AstanaTV
15.08.2016ж. 20:00
2527
Қостанай облысының шаруалары егінге орақ салуға дайын

Қостанай облысында осы аптада егін орағы басталады. Астықты аймақ дихандары ел ырысын шашпай-төкпей жинап алуға тас түйін дайын. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед күзгі жиын-терін науқаны алдында дән егіп терлеген еңбекшілермен жүздесіп қайтты. Егінжай басындағы емен-жарқын кездесуде ел көкейінде жүрген өзекті мәселелер де сөз болды.

Өнімділігі жоғары қуатты комбайндар бүгін-ертеңдері егінді танаптарға түседі. Мықты техникалар алқаптарда масақ қалдырмай жинайды, яғни ысыраптың жолы кесілген. Қазақстанның Еңбек ері Сайран Бұқанов басқаратын «Қарқын агрофирмасы» биыл гектарына 20 центнерден кем өнім алмаймыз деп отыр.

Сайран Бұқанов, Қазақстанның Еңбек ері, фермер:

Қазіргі уақытта біз ораққа дайынбыз. Бәрі бар, халық бар, техника даяр, жанармай, айтып кеттім, бар, 96 теңгеден литрі ол арзандатылған жақсы баға, ол қымбат емес. Енді біз қалай жұмыс істемейміз. Біздің міндетіміз, былай айтқанда, бірінші - жұмыс беру, екінші - дұрыс жалақы төлеу. Әңгіме сонда міне.

Ауыл шаруашылығы - ел экономикасының ең негізгі салаларының бірі. Жыл сайын мемлекет ауылға миллиардтаған қаржы бағыттайды. Мұхтар Құл-Мұхаммед іс-сапарының мақсаты - сол қаражаттың тиімді жұмсалып жатқанын бақылау. Жердің иесі кім, қалай жұмыс істеп жатыр, инвестиция сала ма - соны білу. Дихандармен дала төсіндегі дидарласуда жер комиссиясы жұмысының қорытындылары да баяндалды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасының тапсырмасымен құрылған жер комиссиясының негізгі қорытындыларының бірі - жердің иесі болу керек. Жердің жай ғана иесі болмау керек, ол жердің құнарлылығын арттыратын, жаңа техника сатып алатын, жерді өңдеудің жаңа технологиясын енгізетін қожайын болу керек. Біз тұрған "Қарқын агрофирмасынан" кейін Ресейдің Қорған облысының территориясы басталады. Біз Ресеймен бір кедендік одақтамыз, бір экономикалық одақтамыз, сондықтан шығарған өнімді Ресей сияқты алып рынокқа шығаратын болсақ, біздің шаруашылық та байиды, онда жұмыс істейтін адамдардың еңбек ақысы да өседі. Және біздің ауыл шаруашылығымыз да дамиды. Жер реформасының басты маңызы да, мақсаты да осында деп білемін.

Ежелден егін егіп, жер баптаған қостанайлық еңбекші қауымның да көксегені осы. Облыста жер төңірегінде түсініспестік туындаған емес.

Аманбай Бірәлин, шаруашылық қызметкері:

Менің пікірім - жердің міндетті түрде иесі болуы керек. Сонда ол жұмыс та жүреді, табыс та әкеледі.

«Қарқын агрофирмасы" бүгінде 36 мың гектар жерді жалға алып отыр. Соның он мың гектары шабындық пен жайылымға тиесілі. Қалған алқаптар әртараптандырылып, бидайдан бөлек майлы, дәнді дақылдардың үлесі артып келеді. Жаңадан салынған астық кептіргіш кешен шығынды азайтқан. Нарық талабына сай табысты жұмыс істейтін шаруашылық әлеуметтік жауапкершілігіне мұқият қарайды. Мектеп, балабақша, мәдениет үйіне тұрақты көмектеседі. Абаттанған ауылдың көркі қалаға бергісіз. «Қазақстанның жерін осындай жанашыр шаруалар игеруі керек», - деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед. 

Құралай ПИОНЕР