Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматыда Шымбұлақ таң-шаңғы курортындағы рестобардан өрт шықты

AstanaTV
29.01.2023ж. 11:09
1590
Алматыда Шымбұлақ таң-шаңғы курортындағы рестобардан өрт шықты

Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортындағы рестобардан өрт шықты. Алдын ала мәлімет бойынша жалын шарпыған аумақ 800 шаршы метрді құрайды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«29 қаңтар күні сағат 5:30-дар шамасында Алматы қаласының Медеу ауданындағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында «Облака» атты үш қабатты рестобардан өрт шығып, алдын ала мәлімет бойынша 800 метрге жуық аумақ өртенді. Ғимаратқа өрт сөндіруші көлік келе алмайтын болғандықтан жалынды өртке қарсы крандар арқылы сөндіріп жатыр»,- делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Шымбұлақ тау-шаңғы курортының Facebook парақшасында өрттің «Талғар шатқалы - 3200» арқан жолының станциясында орналасқан «Oblaka» рестобарынан шыққаны жазылған. Осы кезде өрт қаланың Төтенше жағдайлар департаменті мен рестобар қызметкерлерінің күшімен сөндірілуде.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт таңғы сағат 04:00-дер шамасында үшінші қабаттан шыққан. Курорттың кезекшілік қызметінің жедел әрекетінің арқасында құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Комби-2 арқан жолының жұмысы тоқтатылды. Талғар мен солтүстік Талғар жолдары өрт сөндіріліп шығын сомасы анықталғанша жабық болады.