$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Арал ауданы Ақшатау ауылының оқушылары білім алу үшін өмірлерін қатерге тігуге мәжбүр

AstanaTV
30.01.2023ж. 20:00
2814
Арал ауданы Ақшатау ауылының оқушылары білім алу үшін өмірлерін қатерге тігуге мәжбүр

Қызылорда облысы Арал ауданы Ақшатау ауылының оқушылары білім алу үшін өмірлерін қатерге тігуге мәжбүр. Себебі мектепке қыста Сырдария өзені үстіне салынған қалқымалы көпір арқылы, күн жылыса қайықпен қатынайды. Ата-аналар мұның қауіпті екендігін білсе де, басқа амалдары жоқ. Ауылдағы бастауыш сынып оқушылары оқитын жалғыз білім ордасы да талапқа сай емес. Толығырақ тілші тарқатады.

Ақшатаудың бастауыш сыныпты тәмамдаған оқушыларының көрген күні осы. 6 орындық шағын көлікке жиырмаға жуық оқушы тығылысып мінеді. Бірнеше шақырым кедір-бұдыр жолмен жүріп, қалқымалы көпірден өтеді.

Қаһарман АЙЖАРЫҚҰЛЫ, ОҚУШЫ:

Интернатқа қатынау қиын. Жақын емес ауылымыз. Пантоннан қыста өткен кезде қорқамыз мұз жарылып кетеді ма деп. Қайықпен өткен кезіміз де болды. Шаршаймыз.

Тұрғындардың айтуынша, дарияның мұзы еріген уақытта қалқымалы көпірді де алып тастайды. Балалар жандарын шүберекке түйіп, арғы бетке қайықпен өтеді. Ата-аналар балаларымыздың амандығын тілегеннен өзге амалымыз жоқ деп отыр.

Динара САБИРОВА, АҚШАТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Барғаннан кейін балаларымызға айтамыз, звондап айтып жіберіңдерші аман-есен өттіңдер ма деп. Бір уайымымыз сол. Балаларымыздың келешегі ғой біздің ең басты мәселе уайымдап отқанымыз қазіргі. Жан-жағымызға қарап алаңдаймыз кәдімгідей. 21 ғасырға сәйкес білім алса дейміз ғой.

Ауылдағы бастауыш сынып оқушылары бұрыңғы балықшыларға арналған жатақханада білім алуда. Қабырғасы қақыраған 2 бөлмелі ғимараттың жылуы да мардымсыз дейді ата-аналар. Балаларға спорт залда доп тебу арман. Ал тұрғындар жергілікті биліктегілер 2017 жылдан бері құр уәдемен алдаусыратып келеді деп отыр. Ауыл әкімі болса, бұл жолы да жаңа мектеп құрылысының нақты қашан басталатындығын кесіп айта алмады.

Қайрат ӘБДІРАМАНОВ, АМАНӨТКЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

2023 жылға салынуы керек болатын. Бірақ халықтың санына байланысты өткен жобаны өзгертті кеше. Бірінші кезекте апаттық жағдайдағы мектептер, одан кейін 3 ауысымды мектептер бар аудан көлемінде. Бұл мектептер, бірінші кезекте солар. Енді біздің облыс әкімімен келісіміміз бар. Алдағы сессиядан 2023 жылға ең құрығанда бастандырып кетуге жұмыс жасап жатыр.

Ауыл әкімі қазіргі таңда жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайын екендігін айтты. Бірақ биліктегілердің кезекті уәделерін жүзеге асырғанша, балалар бастарын бәйгеге тігіп білім алуға мәжбүр.

М. Тоқтасынқызы