Спорт Қазақстан
$441.8 €480.02 ₽4.88
×

Алматыда көпқабатты үйге жапсарлас салынған нысан қожайыны мен тұрғындар соттасып жатыр

AstanaTV
16.08.2016ж. 20:00
2757
Алматыда көпқабатты үйге жапсарлас салынған нысан қожайыны мен тұрғындар соттасып жатыр

"Астана" телеарнасына әлеуметтік мәселе бойынша шағым айтып көрермендер жиі хабарласады. Тіпті кейде арна дау-дамайдың ортасында қалатын кезі де болады. Сондай жағдай Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйге қатысты өрбіді. ШаҺар тұрғындары ақпан айында редакцияға хабарласқан еді. Олар "кәсіпкер бізден рұқсат алмай, үйге іргелес құрылыс нысанын салып жатыр" деп ашынған-ды. Мәселенің ақ-қарасын білмекке тілшілеріміз аттанған. Алайда кәсіпкер құрылыстың заңды екенін айтып, жұмысын жалғастыра берді. Ал даулы іс сотқа өтті. Әлеуметтік даудан біздің арнамыз да шет қалмады. 

Тұрғындар мен кәсіпкер арасындағы дауға арқау болған екі қабатты нысан осы. Пәтер иелерінің айтуынша, әу баста бұл той көйлектерін сататын дүкен болған. Кейіннен меншік иесі бесқабатты тұрғын үйге жапсарлас нысанды үлкейтіп, екі қабатты ғимарат етіп көтерген. Тұрғындар "бұл  құрылысқа рұқсат берген жоқпыз" дейді. 

Тамара Мальбекова, зейнеткер:

Ешқандай жиын болған жоқ.  Осы құрылыс нысанын тұрғызамын деп бізден ешкім рұқсат алған жоқ. Сұрамастан, маңайдың барлығын қоршап тастады. Қазір айналаны көруден қалдық. Біз бұл жағдайға алаңдаулымыз.

Владимир Даниленко, зейнеткер:

Нысанға рұқсат аларда осы үйде тұрып жатқан бізден емес, келесі подъездегі көршілерден қол жинаған. Өткен жылы жұмысты тоқтату туралы сот қаулысы шықты. Бірақ соған қарамастан, құрылыс жұмыстары жалғасты. Жуырда болған сот отырысында әкімдіктің өкілдері осында келіп, жұмыс тоқтап тұр деген ақпар берген.

Бұл жағдайға наразы жандардың бірі - Сәуле Маматова. Бір жыл бұрын пәтеріне күрделі жөндеу жүргізген. Сонан соң отбасымен демалысқа кеткен ол қайтып пәтерімізге кіре алмай қалдық деп ашынады. Өйткені барлық бөлмелердің терезелеріне бейне бақылау камералары қарап тұр,- дейді тұрғын. 

Сәуле Маматова, қала тұрғыны:

Әр бөлмеде  осындай камера міне тұр. Өтірік айтып тұрған жоқпыз. Осы бөлме де, біздің бөлмеміз де, зал да сондай. Құқығымызды  бұзып қалай тұруға болады. Адвокат жалдадық. Шағым жазып жатырмыз. Шындық болатын шығар.

Нәдия  Катаева, тұрғындар адвокаты:

Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әлімсейітов - осы нысанды салып жатқан кәсіпкердің туысы.  Ал "тұрғындардың рұқсат бергенін нақтылайтын"  хаттама бұрмаланған. Құжатта көрсетілген фамилия иесінен сұрасақ, ол бұған қол қоймағанын айтты.

Ал, ғимарат иесімен тілдесудің сәті түспеді. Бір айта кетерлігі, кәсіпкер құрылыстың заңды екенін ақпан айында біздің арнамызға берген сұхбатында айтқан болатын. 

Бақтияр Әлімсейітов, кәсіпкер \ақпан 2016 ж.\:

Менде барлығы заңды. Бұл жерде азық-түлік дүкені болады. Мен ойлаймын, бұл жерде тұрғындар емес, жекелеген бір адамдар қарсылық білдіріп жүр. Мен - кәсіпкермін. Барлық құжаттарым бар. Енді бұл мәселе сотта шешілетін болады.

Бұл мәселеге қатысты тәуелсіз сарапшының да пікіріне құлақ түрдік. Заңгер Жангелді Сүлейменовтың айтуынша, көпқабатты үйге жапсарлас жер телімі тұрғындардың меншігі болып саналады. Демек, нысан құрылысын жүргізу үшін міндетті түрде тұрғындардың келісімі керек дейді заңгер.

Жангелді Сүлейманов, адвокат:

Рұқсат қағазда барлығы нақты жазылуы тиіс. Балалар ойнайтын алаңқай ма немесе көлік тұрағы болады ма? Сонда бұл келісілген жұмыс болар еді. Тұрғындардың пәтеріне төніп тұрған бейнебақылау камераларына келетін болсақ - бұл заңсыз. Егер мәселені қарап, арнайы сараптама жасап тексеретін болсақ, бұл дау құқығы бұзылған тұрғындардың пайдасына шешіледі.

Станислав Лопатин, заңгер:

Сондай-ақ мына үйді ұстап тұрған негізгі тірек - қабырғаға салмақ түсіретін құрылымды орналастыру да заңға қайшы.

Тұрғындар жапсарлас нысаннан өрт шыға ма деп те алаңдайды.Оған негіз жоқ емес. Көпқабатты үйге іргелес орналасқан «Юбилейный» сауда ораталығындағы дәмханадан өрт шығып, бірнеше пәтердің отқа оранғанын олар әлі ұмыта қоймады. Осыдан кейін қала әкімі заңсыз нысандарды бұзуға тапсырма берді. Мұндай 27 нысан бар. Жақында осындай нысанның бірі сүрілді.

Әлібек Төлбасиев, Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:

Мәжбүрлі бұзу туралы үкім шыққан, соның 14 орындалып жатыр.  Алдағы уақытта мәжбүрлі бұзулар туралы шешімдер  орындалады деп есептейміз. Ол жұмыс істеліп жатыр сот атқарушылармен.

Заңсыз нысандарды сүру жұмыстары осы жылдың аяғына дейін жалғасатын болады. Ал біздің сюжетімізге арқау болған көпқабатты үй тұрғындары мен кәсіпкер арасындағы даудың нүктесін сот қояды.

Айгүл ЕРМАХАН