Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

"Қолына "смартфон ұстап туған" буын өмірге келді": сенатор цифрлық аутизм туралы айтты

AstanaTV
02.02.2023ж. 22:04
1771
"Қолына "смартфон ұстап туған" буын өмірге келді": сенатор цифрлық аутизм туралы айтты

Сенатор Нұртөре Жүсіп сенаттың жалпы отырысында ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстататынын айтты. Оның сөзінше, салдарынан балалар есте сақтау, көру және сөйлеу қабілетінен айырылуда деді.

Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған депутаттық сауалында Нұртөре Жүсіп ғалымдардың пікіріне сүйеніп "аутизмді – "ХХ ғасырдың обасы" десе, цифрлық аутизм ХХІ ғасырдың дерті" екенін айтты. Қазіргі таңда ол бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да "цифрлық аутизм" белгілері байқала бастағанына тоқталды.

"Балалар смартфонды ұзақ ұстауы салдарынан есте сақтау, көру және сөйлеу қабілетінен айырылып жатыр. Олардың өз бетінше ойлауы, ұзақ мәтіндерді қабылдауы, айналаға назар аударуы қиынға соғып отыр", – дейді сенатор. Ол жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болғанына алаңдаушылық білдірді. 

"Скринэйджер, зуммер, немесе Z-ұрпақ – өз өмірін электронды құрылғысыз елесетете алмайтын жаңа буын. Қазіргі таңда логоневроз ауруы мен Турет синдромы күшейе бастады. Тұтас ұлт пен ұрпақ үлкен қауіп алдында тұр. Ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына "смартфон ұстап туған" буын өмірге келді", – деді депутат.

Сенатор гаджетизация мен заманауи технологияға қарсы тұру да дұрыс емес екенін айтты. Депутат осыған байланысты мектептер мен балабақшалардағы ата-аналар комитеттеріне, сондай-ақ салалық үкіметтік емес ұйымдарға киберманияның зияны туралы белсенді түрде айтып беруін ұсынды. Сенатор сонымен қатар, өскелең ұрпақтың денсаулығына бақылау жүргізуге тікелей байланысты ұсыныстарын да ортаға салды.

"Үкіметке жаңа туған нәрестелерді жаппай ретинопатия және аудиологиялық скринингтен өткізудің сапасына мән беруді, Алматы қаласындағы А.Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4-ші мектеп-интернатқа қосымша ғимарат салуды ұсынамыз. Сонымен қатар, логопед және офтальмолог мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейткен маңызды", – деді Нұртөре Жүсіп.