Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Данияр Елеусінов қазаққа тағы бір алтын сыйлады

AstanaTV
18.08.2016ж. 20:00
3727
Данияр Елеусінов қазаққа тағы бір алтын сыйлады

Рио ойындарында қазақ қоржыны тағы бір алтынмен толықты. Ақтық финалға шыққан 25 жастағы Данияр Елеусінов өзбек боксшысы Шахрам Гиясовты ойсырата жеңіп, чемпион атанды. Сөйтіп, Бразилия төрінде 3-ші мәрте көк туымыз желбіреп, әнұран орындалды. Бұл жекпе-жекті қазақ жанкүйерлері қалт жібермей, батырға болысты.

Боксшыны жеңісімен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаев жеделхат жолдады. Онда, Даниярдың жеңісі - тынымсыз еңбек пен асқан шеберліктің арқасы, деген баға берілген. Боксшыға қолдау білдірген жанкүйерлер арасында тілшіміз Құралай Пионер де болды.

Бұл - Оралдағы амфитеатр сыртына қойылған үлкен экран алдына Данияр Елеусіновке қолдау көрсете, ақтық финалдың жекпе-жегін көруге жиналған жұрт. Түн ұқысын қиып, мыңдағаны келген. Әсіресе, боксшының ауылдастары ерекше күйде. Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауылынан шыққа қара бала Рио төрінде бүтін алаш намысын қорғау үшін рингке шықты.

Мейіржан Рахымжанов, боксшы:

Данияр өзі солақай. Сол қолымен жақсы ұрады. Қимылы жылдам. Техникасы өте мықты!

Астана жанкүйерлері де Даниярға қолдау білдірді.  Тағатсыздана күткен жекпе-жек те басталды. Данияр Елеусінов «ә» дегеннен ширақтық танытты. Жарақаты болғандықтан, жұрт тақымын қысқан-ды. Бірақ ептілік танытқан Елеусіновтің жұдырықтасуына жанкүйерлердің айызы қанып-ақ отыр.

Құралай Пионер, тілші:

Иә, осымен көптен күткен жекпе-жек те аяқталды. Қазір не Даниярдың, не өзбек боксшысының, яғни қай жеңгенінің қолы көтерілуі тиіс. AIBA төрешілері әділ шешім шығарады деген ойдамыз. Міне, қазақ спортшысы жеңіске жетті. Қазақ елі, 3-ші алтын құтты болсын!

Бақытжан Қожабеков, жанкүйер:

Тактикасы өте тамаша болды. Өзінің стилінде Данияр. Тигізбей өзіне. Қарап тұрдық қой. Қуанышта шек жоқ енді.

Сәмен Асхат, жанкүйер:

Біздің Данияр Елеусінов - чемпион! Бұл жекпе-жекті көптен күткенбіз.

Галиб Джафаров, бокстан әлем чемпионы:

Бүгін Данияр бәрімізді қуантты. Ел болып қуанып, бөркімізді аспанға атып жатырмыз. Осындағы жерлестерінің демегені мұхиттың ар жағындағы бауырымызға жетсе керек. Біздің ұранымыздан күш алып, қарсыласын бет қаратпады. Тамаша жекпе-жек болды.

Айта кетерлігі, Данияр 69 келі салмақта өнер көрсеткен. Жалпы тарихта бұл салмақта қазақтың тағы 3 боксшысы «олимпиада чемпионы» атанғаны бар. 2004 жылы Афинада Бақтияр Артаев, 2008 жылы Пекинде Бақыт Сәрсекбаев, ал 2012 жылы Лондонда Серік Сапиев. Ендігі үміт Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычкода тұр.

Тағы бір жақсы жаңалық - қазақ боксшысы 91 келі салмақтағы Виталий Левитті алтыннан қаққан 3 төрешісі қазылықтан шектеліп отыр. Бұл туралы AIBA халықаралық кәсіби бокс қауымдастығы мәлімдеген. Сондай-ақ, Данияр мен Василийге мықтыларды көздеп жүретін шетелдік спорт промоутерлері ірі келісімшартты ұсынуға әзір екендіктерін жариялап жатыр. 

Құралай ПИОНЕР