Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«АМТ» компаниясында өндірістік қауіпсіздікке қатысты 4,5 мыңдай заң бұзушылық анықталды

AstanaTV
18.08.2016ж. 20:00
2492
«АМТ» компаниясында өндірістік қауіпсіздікке қатысты 4,5 мыңдай заң бұзушылық анықталды

«Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның басшылығы өндірістік қауіпсіздікті өрескел бұзған. Осыған байланысты сот шешімімен Теміртау домна цехындағы өндіріс тоқтатылатын болды. Аймақтағы қадағалаушы орган компанияның көмір және металлургия өндіріс ошақтарында 4500-ден астам заң бұзушылықты анықтады. Оның 3 мыңы компанияның 8 шахтасында арнайы тексеру барысында тіркелген. Ал 1 680 олқылық Теміртаудағы металлургия зауытынан анықталған. Сондықтан мамандар сотқа жүгінді.

Кеңгірбай Есенеев, ҚР ИДМ индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департамент басшысының орынбасары:

Ол қондырғыларды пайданалу жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына қауіпті. Балқыған сұйық металл төгілуі мүмкін. Болмаса, қондырғы сынып кетуі ғажап емес. Біз ең алдымен адамдарға қатер төндірмеуді көздейміз.

Теміртаудағы металлургия зауытының домна цехындағы екі бірдей шойын балқытатын домна пеші ескірген. Қондырғылар ауыстыруды қажет етеді. Кейбір жүйелер істен шыққан. Былтыр жүк көтергіш механизмдер  істен шығып, 4 жұмыскер жарақат алған. Инспекторлар кен орындарында кез-келген сәтте апат болуы мүмкін екенін айтады. Соған қарамастан, бүгінде компанияның металлургия және көмір кәсіпорындарында 25 мың адам үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Өндіріс тоқтамағанын компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Мамандар Арселор Митталдың басшылары өндірістегі олқылықтарды жоюға асықпай отыр дейді. Өйткені қондырғыларды жаңалау үшін қаражат құюға құлқы жоқ. Ал мораторий, заңнамадағы түрлі өзгерістерге байланысты компания соңғы 3 жыл бойы тексерілмеген. Қазір Арселор заң бұзушылықтарды жою жоспарын құрып жатса керек. Бұл бағдарламалар дайындалған соң қадағалаушы органдардың қарауына берілмек.

Айжан ҚУАШ