$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Қарағандыда 8 сынып оқушысын пышақтаған студенттің үстінен қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
28.10.2016ж. 20:00
3203
Қарағандыда 8 сынып оқушысын пышақтаған студенттің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қарағанды мектептерінің бірінде орын алған оқыс жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Мұнда 16 жастағы студент 8-ші сыныптың оқушысын пышақтаған. Бұл оқиғаның жай жапсары қазір анықталу үстінде.

Айжан Қуаш, тілші:

Нөмірі 34-інші мектептегі төбелес ата-аналар жиналысынан кейін болған. Жұрт үйлеріне тарай бастағанда, мектепке анасымен бірге келген 16 жастағы студент өзінен 3 жас кіші оқушыға пышақ сұғып алған. Болған жайтты бізге мектеп директоры баян етті.

Жанат Бердібеков, Қарағанды қаласының №34 мектебінің директоры:

Бір оқушының ұялы телефоны жоғалуына байланысты профилактикалық шара өткізілген. Бір ата-ана өзінің үлкен ұлын ертіп келді. Әңгімеден кейін студент мектеп дәретханасына өтіп, жанына жаңағы 8 сынып оқушысы бірге өткен. Ол оқушы жаңағы профилактикалық шараға қатысы бар оқушы. Содан студент оның оң жақ аяғына жарақат берген.

Жарақат алған оқушы қалалық аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Ақ халаттылардың айтуынша, жеткіншектің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ жағдайы әлі де ауыр.

Айжан Иса, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауапты хатшысы:

Жамбас жарақатын алған. Соның салдарынан 2-3 дәрежелі шок алған. Қазір жан сақтау бөлімінде жатыр.

Мектепке пышақ алып кіріп, қылмыс жасаған 16 жастағы жеткіншектің үстінен Қылмыстық Кодекстің 106-ыншы, яғни «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен іс қозғалды. Құзырлы мекеме өкілдері жасөспірімге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып, тергеуге алынғанын айтты.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

16 жастағы қала тұрғыны ұсталып, осы қылмысқа қатысты мойындау көрсетпелерін берді. Колледж студенті өзара келіспеушілік салдарынан сол кезде дене жарақаттарын келтірген. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Айжан Қуаш, тілші:

Пышақ жарақатын алған оқушының сабақ үлгерімін мұғалімдер орташа деп бағалады. Сондай-ақ, оның спортпен айналысатынын айтты. Бала күдікті студенттің інісімен қатарлас сыныпта оқиды екен. Істің мән-жайы тергеу амалдарынан кейін белгілі болмақ.

Айжан ҚУАШ