Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қызылордада балконға кір жаюға болмайды...

AstanaTV
05.11.2016ж. 20:00
2006
Қызылордада балконға кір жаюға болмайды...

Қызылорда қаласындағы Жібек жолы көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде балконына кір жаюға шыққан Гүлзи Наурызбаева қас-қағым сәтте өмірімен қоштаса жаздады. Ажалдан аман қалғанына өзі де сенбейді. Екінші емес, үшінші немесе одан жоғары қабаттан құлағанда...

Гүлзи Наурызбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Бір аяғымды шығардым, әрі қарай екінші аяғымды – гүрс етім, көзімді ашсам, жерде жатырмын. Айқайлай беріппін. Басымды алып үлгердім, жанымнан бетондар түсіп жатыр, темірлер сояудай болып тұр ғой. Қуанып отырмын мен, аман қалып, өлмегеніме.

Облыс орталығында соңғы жылдарда салынған жаңа үйлерді санамағанда, 632 көпқабатты тұрғын үй бар. Көнелерінің «жасы» жарты ғасырдан асқан. Тозығы жеткен үйлер уақыт өте қаусай бастаған - шатыр шұрық-тесік, іргетас сөгіліп, балкондары үгітілген. Бірақ36 көп қабатты үй  ғана апатты деп танылған. Гүлзи Наурызбаеваның балконы сияқты Титов мөлтек ауданында да көпқабатты үйдің балконы опырылған-ды, ол кезде абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Әлима Жолдықараева,Қызылорда қаласының тұрғыны:

Балкондарымыз, көріп тұрсаныздар, құлайын деп тұр. Далаға шыққанда, қорқып шығамыз.

Тұрғындар дабыл қаққанымен, құзырлы орындар мәселеге басын ауыртпайтын секілді.  Алқам-салқам балкондарды пәтер иелерінің өздері жөндеп алуы тиіс деп санайды. Ал тұрғындардың оған  шамасы келмейді. Наурызбаевтар отбасы да амал жоқ, жартылай опырылған балконға шығар есікті бекітіп тастады. Қақырап тұрған қалған бөлігі бір күні біреудің басына құлап, мерт қылмасына кім кепіл?

Ерлан Бердібаев, Қызылорда қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Көпқабатты үйдің әрбір тұрғыны жеке меншігі болғандықтан шығындардың бәріне теңдей бірдей қатысуы тиіс деген. Ол өзінің жеке меңшік үйі болғандықтан күтіп-ұстау, оған қарау дәл өзінің жауапкершілігінде. Апаттық үй деген статусын алу үшін осы көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары өздері тәуелсіз аккредитациядан өтуі керек, эксперт мекемеге өтініш келіп білдіру керек. Ол ақылы түрде жүргізіледі.

Яғни, тұрғындар өздері қаражат жинап, тәуелсіз сарапшылардың шешімін күтеді. Егер үйдің апатты екені дәлелденсе,  тұрғындарың баспана кезегіне қойылады.  Әзірге тозығы жеткен үйлерді  қайта жаңғырту бағдарламасы негізінде  жөндеуден өткізуге мүмкіндік бар. «Жібек жолы көшесіндегі ескі үйлер осы осы  тізімге енді», деп сендіруге тырысты Бердібаев мырза. Оған дейін ешкім зардап шекпесе болғаны...