$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстандықтар қолдан жасалған дәрі-дәрмектер сатып алатын фактілер тіркелген

AstanaTV
02.11.2016ж. 20:00
3708
Қазақстандықтар қолдан жасалған дәрі-дәрмектер сатып алатын фактілер тіркелген

Дәрі-дәрмек дауы туындады. Ғаламторда сатып алған дәрінің қолдан жасалғаны жайында шағым білдірген адамдардың үндеуін кейінгі кезде жиі көзіміз шалатын болған. Анальгин таблеткасын бормен алмастырып, капсуладағы препарат мүлде бос болып шығуы ешкімді таң қалдырмайтын болды. Қолдан жасалған дәріге тап болсаңыз, не істеу керек? Кімге барып жүгіне аласыз? Толығырақ Айбек Қосанның материалында.

Бұл видео Елена Балова әлеуметтік желіден көрген. Бірнеше мәрте қайталап көрдім де, жағамды ұстадым дейді. Капсуладағы осыған ұқсас дәріні дәрігер жақында әжесіне жазып беріпті.

Елена Балова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Мен қатты таң қалдым. Мүмкін, рас шығар деп тексеріп көруге бел будым. Бірнешеуін сатып алып, басып көрдім, сілкідім. Бос болып шықты. Енді дәріханаға барып, мән-жайды түсіндіруді талап етпекшімін.

Біз тәжірибе жасап көруге бел будық. Бірақ капсулада шынайы дәрі болып шықты.

Фармацевт Анастасия тәжірибені естіп бізге ұялы телефонын көрсетті. Сатып алушылар қолдан жасалған дәрілердің барын растайтын видеолар жіберген. Амал жоқ, біріне сараптамаға беріп анықтауға кеңес беріледі, екіншілеріне ауыстырып беруге тура келеді. Сатушылар мұндай жағдай жиі кездеспейді, неге халық сенеді деп таңданысын жасырмады.

Уже много раз так приходил. У меня даже это видео есть.

Зәуре Көшербаеваның дәріханалық кәсіпте жүргеніне 20 жыл болған. Мұндай жайттарға еш таңғалмаймын дейді. Көбіне сұраныстағы дәрілер қолдан жасалатын көрінеді. Сатып алушылар зауыттың белгісіне сеніп, үйде қолданғандықтан алдауды байқамай да қалады. Отандық дәрі шығару нарығында теріс фактілер азайса да, түбегейлі жойылатын түрі жоқ.

Зәуре Көшербаева, фармацевтік компанияның директоры:

Мұндай жайттар белгілі болып жатады. Бірақ біздің елде алдын алу жүйесі жөнді жолға қойылған. Уақытында құқық бұзушылық анықталып жатады. Бірақ, жасыратыны әлсін-әлсін кездесіп тұрады.

Қолдан жасалған дәріге тап болған азаматтарға фармацевт бірден дәрі-дәрмектерді бақылау департаментіне жүгінуге кеңес береді. Себебі, қаптамада қолдану мерзімімен бөлек, шығарушының атауы мен сериясы көрсетіледі. Осы арқылы дәріханаға түскен уақытын анықтау қиынға соқпайды.

Зәуре Көшербаева, фармацевтік компанияның директоры:

Дәрінің бос болып шығуының 2 себебі бар. Бірі зауыттан кеткен ақау немесе алаяқтық фактісі. Орталық лаборотория зерттеу жүргізген соң дәріге анықтама береді. Осыдан кейін мемлекеттік орган дәріханаға шара қолданады немесе шығарушы компанияны тексереді. Тиісті  талаптарға сәйкес келмесе сертификатын қайтарылып алынады. Мұндай қадамға тексеруші топ тек өндірушінің кінәсі дәлелденсе ғана барады.

Дәрінің бағасы бұрынғыдан төмен болса күмәнді дейді фармацевт. Сондықтан сатып аларда салыстырып көру де анықтаудың негізгі факторы болып қала бермек.

Айбек ҚОСАН