$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Арқалық қаласындағы құс фабрикасы жетекші кәсіпорынға айналған

AstanaTV
04.11.2016ж. 20:00
3937
Арқалық қаласындағы құс фабрикасы жетекші кәсіпорынға айналған

Ақмола облысында тозығы жеткен зауыт модернизациядан өткеннен кейін Орталық және Солтүстік Қазақстанда қауқарлы құс фабрикасына айналды. Кәсіпкерлер өндіріс орнына жетекші еуропалық технологияларды енгізе отырып, сұранысқа ие сапалы өнім шығаруға қол жеткізген. Бұл жоба «Нұр Отан» партиясының қолдауының арқасында өңірлік индустрияландыру картасының жетекші кәсіпорнына айналып отыр.

Жылына 300 миллион жұмыртқа және 20 мың тонна құс еті. Бұл тек бастамасы ғана, дейді кәсіпкерлер. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алған жас бизнесмен Максим Божко өзінің шетелдік әріптесі Александр Лоренцпен «Шаңырақ» атты серіктестік құрады. Қазіргі таңда бұл кәсіпорын отандық өнімді өндіруге ат салысуда.

Олар алғашында Арқалық қаласында тозығы жетіп, иесіз қалған құс фабрикасын қалыпқа келтірген. Сондай-ақ, шетелден қомақты инвестиция және жаңа технологиялар тарту арқылы Қарағанды және Ақмола облысында жаңа өндіріс орындарын ашқан.

Максим Божко, «Шаңырақ БК» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы:

Мемлекеттік қолдау болмаса, біздің осындай жетістікке жетуіміз екіталай еді. Біріншіден, біз Үкімет тарапынан ұзақ мерзімге төмен пайызбен несие аламыз. Екіншіден, бізге субсидия төленеді. Ол қаржыны қалтамызға салмай, керісінше, өндіріс орнын кеңейтуге жұмсаудамыз. Одан бөлек, инвестициялық субсидиялар да бар.

Табысты бизнестің тағы бір құпиясы - жаңа технологиялар. Өндіріс орнында осы салада көшбасшы саналатын Еуропаның жетекші компанияларының құрал-жабдықтары қолданылуда. Мұнда тауық етін елімізде теңдесі жоқ «ауа-тамшылары» арқылы салқындатады. Бұл әдіс дайын өнімнің балғындығын жоғалтпауға, ең бастысы, сапасын сақтап қалуға септігін тигізеді.

Кенжалы Сахариев, құс етін қайта өңдеу және өндіру зауытының директоры:

Былтыр 4,2 мың тонна шығаратын болсақ, биыл 8,4-8,5 мың тоннаға дейін шығарамыз. Ұжымызда істейтін адам басында 50-100-ге жеткіздік. Бүгінгі күні адам саны 580-ге жетті. Енді жалпы орташа жалақысы 100 мыңға таяйды.

Компания аз уақыт ішінде толық өндірістік циклды кәсіпорнын ашқанын мақтан тұтады. Қазіргі күні «Шаңырақ» серіктестігіне тиесілі егіс алқабы, құрама жем зауыты, асыл тұқымды бройлер құсын өсіру, жұмыртқа ұнтағын және құс етін қайта өндіру цехы бар. Жақында жұмыртқаға арналған қорап жасайтын желіні іске қосу жоспарда бар екен. Өйткені бүгінде бұл кәсіпорын аталған қораптарды Ресей елінен сатып алуға мәжбүр.

Александр Лоренц, «Шаңырақ БК» ЖШС бас директоры:

Алдымызға қойған жоспарымыздың барлығы орындалды деп айтуға болады. Құйылған қаржыны қайтару үшін кем дегенде 3 жыл керек. Бұл, әрине, қуантады. Мемлекет тарапынан берілген уәделердің барлығы орындалды. Субсидиялар қысқартылады деген қауесетке мен сенбеймін. Өйткені бұл ел экономикасының кері шегінуіне әсер етері анық. Қазіргі күні Қазақстанның нарығы ашық. Қаржы табам деген азаматқа қолбайлау жоқ, керісінше, Үкімет тарапынан қолдау жетерлік.

Елімізге жылына 150 мыңнан тоннадан астам құс еті өзге елден келеді. Осы саладағы отандық өндірушілер нарық сұранысының тек жартысын ғана қамтамасыз етуге қауқарлы. Кәсіпкерлер бұл ел экномикасына ғана емес, өндірістік қауіпсіздікке де кері әсер етерін алға тартуда. Өйткені көп жағдайда шетел асып келген өнімнің сапасы сын көтермейді.

Берік ХАСЕНОВ