Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Шымкентте жол үсті өткеліне орнатылған жедел саты тоқтап қалды

AstanaTV
10.11.2016ж. 20:00
4044
Шымкентте жол үсті өткеліне орнатылған жедел саты тоқтап қалды

Шымкентте автокөлік жолының үстінен салынған өткелге орнатылған жедел саты жылға жетпей істен шықты. Ауқымды құрылысқа мемлекет қазынасынан 130 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Бірақ көтергіштің жүргенінен тұрғаны көп деп арнамызға шағым айтушылар көп. Қыруар ақшаға орнатылған құрылғы неге жарамсыз күйге түсті? Мәселенің мәнісін Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Қарт кісілер мен мүгедектерге арналған жедел саты соңғы екі айдан бері істемей тұр. Көтергіш қондырғының бүгінгі сиқы осы. Іші лас. Тіпті кейбір бөлшектері сынып та үлгерген.

Жедел сатының ішкі қабырғасындағы іздерге қарағанда, бұл жерді өрт шалғанға ұқсайды. Құрылғыны қарамағына алған тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөліміндегілер, бұл бұзақы балалардың әрекеті, оларға тиым болмай тұр, деген уәж айтты.

Ерлан Есіркепов,  Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

Түнге қарай ойнайтындары бар, түсіп шығатындар бар ойнап. Өртеп жіберген де фактілер болған. Трансформаторын қосатын пульттердің сымдарын үзіп тастаған фактілер бар. Сондай нәрселер өте көп.

Көліктер тынымсыз ағылып жатқан жолдың қарсы бетіне өту үшін, жүргіншілер баспалдақ арқылы биіктігі бес метрге жуық аспалы көпірге мініп-түсуі керек. Бұл әсіресе қариялар мен мүгедектерге, аяғы ауыр және балалы аналарға қиынға соғады. Жеделсаты олардың биіктікке шығып, көпір арқылы қарсы бетке өтіп, қайта түсуіне арнап салынған еді. Бірақ озық технологияның тиімділігін көру бұйырмады дейді жүргіншілер.

Лестницаның өзімен көтерілу бір ақырет,ентігіп қаласың. Мен 77-демін, мысалыға, әрине, қиын. Осындай баспалдаққа көтерілу. Амалсыз көтерілеміз істемегеннен кейін лифт.


Күн сайын осы көпірден жаяу өтіп жүрмін. Түсу жеңіл-ау. Көтерілуге қатты қиналам. Ауа-райы ашық болса, ештеңе емес, жауын-қар болғанда тіпті қиын. Аяғың тайып жүре алмайсың.

Көтергіш сатыға жауаптылар бұған дейін демеушілер есебінен бірнеше рет жеделсатыға жөндеу жасалғанын айтады. Бірақ бұзақылар жиі бұзып кетеді екен. Енді оны тұрақты күтіп ұстайтын жауапты мекемеге конкурс жарияланып отыр.

Ерлан Есіркепов, Шымкент  қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

Есеп-қисаптарының бәрін туралап, біраз кемшіліктер болған соны енгізіп, бір-екі күннің ішінде қайтып конкурс жариялап, осы айдың соңына дейін мердігер анықталатын шығар деп үміттеніп отырмыз.

Айта кетейік, Шымкентте көлік нөпірі қалың тағы бір шағын ауданда жол үсті өткелінің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа шаһар аумағында да жобаға сәйкес заманауи экскалатор болады. Тек оның жағдайы Рысқұлов көшесіндегі қордырғының күйін кешпесе болғаны. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ