$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед азаматтарды қабылдады

AstanaTV
10.11.2016ж. 20:00
2904
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед азаматтарды қабылдады

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед 10-нан астам астаналықтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келгендер негізінен жұмысқа орналасу, оқу мәселесінің қиындығын алға тартты.

Партияның көмегіне үміт артқандардың қатарында 18-жастағы астаналық Аркадий Губарев те бар. Ол сал ауруына шалдыққан 1-ші топтағы мүгедек. Жасөспірімді білім алу мәселесі мазалайды. Оқуға керекті қаражат мәселесін осы уақытқа дейін әжесінің көмегімен шешіп келген екен. Алайда, қазір қаржыдан қатты қысылған көрінеді. Сондықтан колледждегі дәрістерін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.

Аркадий Губарев, Астана тұрғыны:

Менің екі жылғы оқуымның қаржысын әжем төлеп келген еді. Кейіннен ол кісі де ақша жағынан тапшылық көріп, жағдай қиындап кетті. Сондықтан  оқуымды уақытша тоқтаттым. Білім алғым келеді, оқуымның қалған бөлігін партияның көмегімен бітіремін бе деген үмітім бар. Мен өте қуаныштымын.

Аркадийдің жағдайын тыңдаған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед оған нақты қолдау көрсетілетінін айтты. Оқуын жалғастыру үшін көмек беріледі деп уәде етті.

Сондай ақ Мұхтар Абрарұлы білімге құштар дарынды әрі талапты жастардың алдында ешқандай кедергі болмау керектігіне тоқталды. Оның айқын да ашық дәлелі ретінде шетелдегі қазақстандық жастардың білім алуын мысалға келтірді. Сонымен қатар, "Нұр Отан" партиясы  Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінген түлектерді де назардан тыс қалдырмайды. Және түрлі себеппен сынаққа қатыса алмағандар да партия көмегіне жүгіне алады. Мәселен, биылғы жылы ҰБТ-дан 50 мың түлек тиісті балл жинай алмаған. Олардың басым көпшілігіне тиісті көмек көрсетілген.