«Бұл
бір керемет кездесу болды». Ақ үй басшысы Барак Обама АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жеткен
Дональд Трамппен кездесуін осылай деп бағалады. 10-15 минутқа жоспарланған
басқосу 1,5 сағатқа созылған. Кездесу барысында қос саясаткер елдегі ахуалға
үңіліп, басты проблемаларға шолу жасады.
Барак Обаманың сайлау науқаны кезінде
Хиллари Клинтонды қолдағанына қарамастан, маңызды кездесуде қос тарап ортақ тіл
табыса білді. Миллиардер Трамп АҚШ-тың 44-ші басшысына алғысын білдірді. Ал Мелана Трамп болса Мишель Обамамен кездесіп үлгерді. Обама Трамптың білікті
саясаткер емес екенін күні кешеге дейін айтып келген. Осыған қарамастан, екеуі
жылы шыраймен қоштасты.
Айта кетейік, Трамптың таққа отыратын күні 2017 жылдың
20 қаңтарына белгіленген.
Дональд
Трамп, АҚШ-тың сайланған президенті:
АҚШ президенті Обамаға алғысым шексіз. Мен оны қатты қадірлеймін. Біз бірнеше
проблемаларға тоқталдық. Мен өз президенттігімнің тұсында Барак Обамадан кеңес
сұрап тұратын боламын. Мен үшін бұл кездесу - үлкен абырой.
Дональд
Трамп қазір өз кабинетін жасақтауда. Оның командаластарына қойған басты талабы -
"толерантты ойлау мен тіл табыса білу",- деп жазады Politico газеті.
Мақалада мемлекет хатшылығына басты үміткер ретінде конгрестің төменгі
палатасының бұрынғы спикері Ньют Гингрич аталады. Ал, Пентагонның басшысы болып
Америка барлау қызметінің экс-басшысы Майкл Флинн болуы мүмкін делінген. Қаржы
министрлігіне Стивен Мнучин тағайындалады деген жорамал бар. Ол Трамптың
компаниясында қаржылық мәселелерге жауап берген. Трамптың Ақ үйдегі баспасөз хатшысы белгілі
радио жүргізушісі Лора Ингрэм болуы мүмкін деп болжануда.