Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Павлодарда 11 жасар баланың өліміне соқтырған жол апатына қатысты жаңа сараптама қорытындысы шықты

AstanaTV
23.08.2016ж. 20:00
2716
Павлодарда 11 жасар баланың өліміне соқтырған жол апатына қатысты жаңа сараптама қорытындысы шықты

Павлодарда 11 жасар баланың өліміне соқтырған жол апатына қатысты жаңа сараптама қорытындысы шықты.  Оған сәйкес әкелі-балалы екеуді қаққан жүргізушінің «көлікті тоқтатуға техникалық мүмкіндігі болған». Қазір бұл іс прокурорлардың қарауында. Сақшылар сағатына 106 шақырыммен жүйткіген көлік иесінің жүргізуші куәлігі болмағанын растады. Десе де, «істе қылмыстық құрам жоқ» деген желеумен, тоқтатылған болатын. Шәгіровтер отбасының жағдайы ақпарат құралдарында жарияланған соң,  материал қадағалау органының назарына ілінді.

Әмір Жәшібеков, Павлодар облыстық прокуратурасы екінші басқармасының прокуроры:

Соңғы қорытынды алғашқы нәтижеге қарама-қайшы. Алдыңғысында жүргізуші көлікті тоқтатуға техникалық мүмкіндігі болмады деп бекіткен еді. Алайда, қайтадан жүргізілген тергеу эксперименті оның сараптама көрсеткен жылдамдықты есептегеннің өзінде, көлікті тоқтатуға барлық мүмкіндігі болғанын анықтады.

Еске салайық, қазан айында Таңат Шәгіров ұлымен бірге кешкісін  аялдамаға шығады. Әке мен бала жолды төтесінен қиып өтпек болғанда, екеуін де көлік қағып кеткен. 11 жасар жеткіншек оқиға орнында көз жұмды. Ал, отағасы ауруханаға түсті. Үш айдан астам төсек тартып жатқан ол енді істі қайта көтеріп  жүр. Кінәлі адам тиісті жазасын алса дейді.

Таңат Шәгіров:

Біреуден кек алғым келмейді, әрине. Десе де, әділдіктің болғанын қаладым. Бұл оқиға басқаларына сабақ болар деп ойлаймын. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ