«Пара алудың қиындап кеткені сонша, соңғы күндері ақшаны маңдай теріммен тауып жатқандай күй кешетін болдым» - депті бір көкем». «Дөп сөз» айдарының кейіпкері Ақтөбе облысының тумасы, мұнай саласында вахтамен жұмыс істейтін, арасында таксиші болатын Есет Қалманов есімді азамат.
Осы апта ақпарат сайттары жақсы көретін «жаға ұстататын» жаңалықтарға толы болды. Бір сәт ақпараттан миымызды демалдыра тұрайық. Біз үкімет болып, қоғам болып жемқорлықпен күресіп келеміз. Ол да күрескен сайын күшейе түседі. Ал пара алу мен пара беру болмаса өмір қандай болар еді. Ойландыңыз ба?
Егер пара алу мен пара беру бір күнде жойылса не болар екен? Ешкім тендер ұта алмай, жұмыстар тоқтап қалса... ҰБТ-дан ешкім өте алмай жатса, университеттерде студенттер емтихан тапсыра алмай қуылып жатса... Жол полициясы ешкімді тыңдамай, елдің бәрі жүргізушілік куәлігінен айырылып жатса... Аттестациядан ешкім өте алмай, жұмысқа адам табылмай қойса... Мә, қорқынышты екен ғой. Қой, осы күнімізге «шүкір».
Қорқынышты. Тіпті сағат сайын дамып келе жатқан Қазақстан халық армандаған 30 елдің қатарына кіре алмай қалатындай. Бетін ары қылсын. Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласының тұрғыны Есет Қалмановтың да жазбайтыны жоқ.
«Пара алудың қиындап кеткені сонша, соңғы күндері ақшаны маңдай теріммен тауып жатқандай күй кешетін болдым» - депті бір көкем.
Есет Қалманов, Ақтөбе облысының тұрғыны:
Жазушы, журналистикаға қатысым жоқ. Бала кездегі арманым екенін жасырмаймын. Орындалмай қалған арманым болатын. Жазып жүргендерім ешқандай газетке жарияланған жоқ. Бірінші болып осы фейсбукке жазамын.
Кішкентай кезімде қараңғыдан қорқатын едім. Қазір светтің квитанциясы келген сайын жарықтан қорқатын болдым. Жалақым кредит төлеуге де, коммуналдық қызметке төлеуге де жетеді ғой. Бірақ кейде тамақ ішкің келеді екен.
Қара халықтың арасында қараңғылықтан көз аша алмай отырғандар бар. Кейбір шалғай ауылдарда әлі күнге жарық жоқ. Олар әлем таңданатын ЭКСПО тойын да көре алмауы қалуы мүмкін.
Жүз мың жалақымен жер қазасың ба, әлде отыз мың жалақымен кабинетте отырасың ба, десе,- қазақтың сексен пайызы кабинетті таңдайтын шығар, иә? Біз қозғалысты аса ұнатпаймыз ғой. Қазақтар көршінің вай-файымен кіріп отырып та ақыл айта береді.
Есет отырғанды жақсы көретіндердің қатарынан емес. Ол үнемі қозғалыста. Еңбекті бірінші орынға қояды. Тіпті, жұмысы тоқтап қалса да кейбіреулер секілді пультті құшақтап диванға шалқая салмайды.
Есет Қалманов, Ақтөбе облысының тұрғыны:
Қазір мұнай саласында қарапайым бұрғылаушы болып жұмыс істеймін. Мұнай аласын бәріңіз білесіздер, кейде жұмыс тоқтап, жүрмей қалады. Ол кездерде күзетші де болып кете беремін, таксист те болып кете беремін.
Теледидардан білім және ғылым министрі ауысты дегенді естіп отырған ұлым «Әке, оқулықтар тағы өзгеретін болды ма?» дейді. Өткен жылы үлкен ұлыма ағылшын кітабын төрт мың теңгеге алып бердім. Биыл кіші ұлыма жарамай қалды. Сірә, ағылшын әріптері өзгерген ғой деймін. Енді жатыр, тастауға көзім қимайды. Әжетханаға да жарамайды, беті қалың.
Есет Қалманов, Ақтөбе облысының тұрғыны:
Қазақ тіліміздің кең етек жайып, үлкен беделге ие бола алмай жатқандағы, сосын мына жастардың намаз оқимын деп теріс ағымдарға кетіп жатқандығы алаңдатады.
Бір әскери адам философтардың ортасына түсіп қалады. Олардың өмір жайлы, адамдар жайлы неше түрлі әңгімелерін тыңдап, өте ырза болады. Сөйтіп кетерінде: «Сіздер өте ақылды екенсіздер, олай болса неге саппен жүрмейсіздер?» - деп сұрапты. Сонда әскери адам тек саппен жүргендер ғана ақылды деп ойлайды. Өкінішке қарай, қазір кейбір намаз оқитындар өздерін солай ойлайды.
Көп нәрсе тұрақсыз болып барады. Адамдар да солай. Арғы жағын көрмей, білмей «біздікі дұрыс» деген оймен тәуекелге барып жатамыз. «Адамдармен жиі ұрсып тұру керек екен. Өзің туралы біраз нәрсені біліп қаласың» дейді Есет Қалманов жазбаларында.
Халқым, спортта жанкүйер болғанда қайғыра бермеңдерші. Қай боксшы, қай ауыр атлетші жеңгенін сегіз жылдан соң білеміз. Уақыт бар.
Жалпы, әтештің шақырғанын естісем ауыл еске түседі. Бау-бақша, өрістен қайтқан мал, самаурынның шәйі, шаң басқан жолдар...
Ауылда ойқыш-ойқыш жолмен қырықпен әрең келе жатсаң алдыңнан мына белгі шыға келгенде шалқаңнан түсесің ғой.
«Әйел, әйел, арман әні, жол әні,
Дүниенің кешкі қоңыр самалы.
Әйел сені құл қып алмай алдымен,
Құдай қылып көтермейді жоғары». Тұманбай ақын Молдағалиев осылай депті.
Әйелдер-ай... Бір көйлекті төрт рет киіп, төрт рет шешіп, саудаласып, алатын болып сөмкеге салып жатып «онша ұнамай тұр, басқа дүкендерді қарап көрейік» дегенде жылағың келеді ғой.
"Қазіргі еркектер ез болып кеткен, әйелдермен жағаласып көлік жүргізеді" дейтін күнге жетеміз бе деп қорқам.
-Мына пышақты қайрап беретін еркек бар ма? Анау розетканың істемей тұрғанына қанша болды, есікті де шиқылдатпай топсасын майлап қоюға болмай ма?
-Балам, мамаңның телефонын қарашы, мегабайты бітті ғой дим. Сөйлей бастады.
Баяғыда бір патша түс көріп, түсінде аузындағы
тістері түгелдей түсіп қалады. Түс жорушы: «Хан ием, сіздің жақын
ағайын-туыстарыңыздың бәрі өліп, сізден басқа ешкім де қалмайды екен»,- депті.
Хан қайғылы хабар айтқаны үшін басын алады. Келесі түс жорушы: «Хан ием, барлық
ағайын-туыстарыңыздан сіздің өмір-жасыңыз ұзақ болады екен» дейді. Хан оған жүз
ділда беруді бұйырады. Міне, сөзді адамға жеткізе білу де үлкен өнер екен.
Жазып тұрыңыздар. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!