Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Солтүстік өңірлерде көмір тапшылығы байқалады

AstanaTV
25.11.2016ж. 20:00
3174
Солтүстік өңірлерде көмір тапшылығы байқалады

Астанада көмірдің тоннасы 15000 теңгеге дейін шарықтап кетті. Қатты аязбен қабаттаса келген қымбатшылық қалтамызды қағып барады, - дейді тұрғындар. Жалпы, солтүстік облыстарда қатты отын мәселесі біржақты шешілгені туралы жоғары жаққа есеп берілгенімен, іс жүзіндегі жағдай бұдан өзгеше. Көмірдің тапшылығы мен құнының қымбаттығы, өзге қалаларды былай қойғанда, Елорданың өзінде де байқалады. Айбек Қосан мәселенің мән-жайына үңіліп көрді.

Айбек Қосан, тілші:

Сарыарқаның сары шұнақ аязы тұрғындарды тоңдырып, бір мазасын алса, көмірдің жетіспеушілігімен жығылғанға жұдырық қылып, есін шығарды. Не тапшы болса, соның бағасы көтерілетініне үйренгелі қашан, дегенмен жер үйлерде тұратын қарапайым халықтың қалтасы оңбай қағылып жатыр.

Көмір сататын орындарда ығы-жығы кезек те байқамалмайды бұл күндері. Себебі тұрғындар өздеріне қажетті сапалы қатты отынның түрі жоқ екеніне көзі жеткен. Сатушылар көмір жеткізу ісінің біршама үзіліп қалу себебін өзінше түсіндіреді.

Асылхан Құрамжанов,  көмір сату орталығының қызметкері:

Көмірдің кей түрін жеткізуде проблема бар қала бойынша. Неігізі, көмірдің барлық түрін сатамыз. Бірақ вагондар өте тапшы болып отыр. Бұл тасымалдың тоқтауы отын тапшылығына әкеп соғады. Басқа нүктелерде сауда жасап жатқан әріптестеріміз де осыны айтады. Темір жолдың тарифі көтерілсе көмір өндіретін орындардың да құны қымбаттайды. 

Бірнеше сату орындарын аралап іздегенін таппай, тапса да қымбатсынып жүрген тұрғындардың бірі - Пердебай Сарыбаев. Ел қатарлы Шұбаркөл мен Қаражыраның көміріне қол жеткізу бүгінде арман болды дейді. Қайда барса да "көмір таусылып қалды" деген жауапты ести беріп, әбден қажыған азамат бұл жерден де қуантарлық хабар ала алмады.

Пердебай Сарыбаев, Астана қаласының тұрғыны:

Іздеген көміріміз мынау жақсы жанатын Шұбаркөл мен Қаражыра. Осы екеуі жоқ қала бойынша, іздейміз - табылмайды. Мына базаға келдім. Мұнда да жоқ. 2-3 күннен бері дефицит қой. Қаражыра 9-10 мың, Шұбаркөл де 9 мыңнан болды. Қазір 11, арғы базада 15 мыңнан сатып жатыр бір тоннасын. Ол жерге де бардым. Бітіп қалды 15 мыңнан.

Қыс енді ғана басталды. Ал көмір әлден тапшы. Амалы қалмаған ағайын әрбір шелек көмірді пешке үнемдеп салуға дағдыланған. Қуантай Исағұлов та жұрт қатарлы қолда барын есептеп отыр. Зейнеткерлерге берілетін 2 тонна тегін көмірге биыл қол жеткізе алмапты. Себебі қағазбастылық көбейген. Оны жинап жүргенге қауқарым жетпейді, - дейді қария.

Қуантай Исағұлов, зейнеткер:

Шұбаркөлдің басында тоннасы 5 мың көрінеді. Ал осында 14-15 мыңнан әкеледі. Сондықтан 13-14 мыңға алып отырмыз. Бір айлық алатын пенсиямыз 2 тонна көмірге ғана жетеді. Болды. Сонымен жаңағы көмір қорадағы көмірді көрдіңіздер. Жарты айлық қана көмір бар. Тағы да түсіру керек. 

Астаналықтар осылайша сапалы отын таба алмай жүрсе, Петропавл тұрғындары мүлде көмірсіз қалу қаупімен бетпе-бет келді. Шаһарда қатты отынның 10 күнге ғана жететін қоры қалған. Күніне Екібастұздан 9000 тонна көмір жеткізілуі тиіс болатын. Бірақ, кестенің бұзылуына ауа райы әсер еткен.

Әділбек Әубәкіров, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

Вагондардан көмір түсірілгеннен кейін оның ішін тазалау керек болады. Бұрын олармен боксит тасыған. Суықтан қатып қалған қалдықтарды тазалауға уақыт кетеді. Сондықтан отынды түсіріп алу созылады. Бұл кестенің бұзылуына соқтырады. Қазір жылумен қамту кәсіпорнында 70 мың тоннадан сәл ақ астам көмір қалған. Жоспарға сәйкес қоймада тағы 55 мың тонна жатуы тиіс болатын.

Бұл мәселе басшылықтың да бас ауруына айналған. Дегенмен, облыс әкімі қиындықты шешу жолдары  қарастырылды деп уәде етті.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Бұл жағдайға "Транском" серіктестігінің темір жол бағыттарын ұсынуда кестені бұзғаны себеп болды. Келіссөздерден соң "Транском" бізге 21 қарашадан кейін 2 бағыт беретін болды. Сонымен қатар ҚТЖ-мен әрбір 2 күн сайын бір бағыт беретіндей болып шешілді. Қалыпты қор 20 желтоқсанға дейін жинақталады.

Қысқасы, көмір тапшылығының  басты себебі вагондардың жетіспеушілігіне келіп тіреліп отыр. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамына тиісті мәселеге байланысты сауал жолдаған болатынбыз. Үш күн дегенде жазған хатымызға мынадай жауап келді:

Қазір Қазақстан аумағында 52 000 жартылай вагон қолданыста. Оның ішінде Қазақстан темір жолының  25 500 вагоны бар. 17,5-18 мыңы көмір тасымалына қолданылады. Өткен жылмен салыстырғанда вагондар саны 3399 данаға азайған. "Евразия Азия Транс Груп", "Инсткомтранс", "Джи Логистикс" вагон операторлары қазан, қараша айларында 1000-ға жуық вагонды бағыттан алып тастаған. Себебі оларға пайдалы ұсыныстар Ресейден түсіп отыр. Қазақстан аумағында көмір тапшылығының алдын алу үшін келесі жұмыстар жасалып жатыр: - Түрікменстан мен Тәжікстаннан 600-ге жуық жартылай вагондар алынды;- Құрылыс материалдарын тасудан 500 вагон босатылып, осы бағытқа жөнелтілді; Қосымша парктен 2000 вагон тартылып отыр.

Айбек Қосан, тілші:

Халықтың негізгі таңдауы Шұбаркөл, Қаражыра, Майқұба көмірлеріне түседі. Екібастұз пен Қарағандыдан келетін отынның күлі көп деп ала қоймайды. Бірақ мынадай тапшылық кезінде күй талғайтын шама жоқ. Барын алып қалуға тырысып жатыр. Тұрғындардың қатты аязбен қабаттаса келген қымбатшылық бір жақты шешілмесе, қалтамызды қағып бітеді деп алаңдауы бекер емес.

Айбек Қосан, Абзал Құманкин