Бүгін
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің
25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы жұмысқа алынды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес
аталған заң жобасын Мәжілістің қарауына енгізген болатын. "Бұл шара - заң
бұзған азаматтарға қатысты мемлекет тарапынан сенім білдірудің көрінісі", - деді депутаттар.
Аталған
заң жобасы бүгіннен бастап алты айдың ішінде қаралатын болады. Алайда
депутаттар рақымшылық шарасына кімдер ілінетінін қазірдің өзінде жоспарлап
қойған. Мәжіліс президент ұсынған заң жобасын бүге-шігесіне дейін талқылап,
рақымшылық жасау акті қолданылмайтын адамдарды да анықтайды.
Нұрлан
Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің
депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Заң
жобасына сәйкес, азаматтардың әлеуметтік әлсіз топтары, соның ішінде кәмелетке
толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары бар
әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ ауыр емес қылмыстық құқық
бұзушылық жасағандар қылмыстық жазадан босатылады.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары бүгін «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң
жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Қазақстан азаматтары, босқындар, еңбек
мигранттары мен Қазақстанда тұратын шетел азаматтары енді 2021 жылдан бастап
саусақ іздерін тапсыруға міндетті болады. Бұл шара төлқұжат ауыстарған кезде
іске аспақ. Заң жобасы азаматтарды тез
анықтауға және қылмысты оңай ашуға мүмкіндік береді. "Ол үшін 36 миллиард
теңге жұмсалады", - деді министр Қалмұханбет Қасымов.
Омархан
Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Шетелдерде саусақ іздері ғана емес, көзді де
тіркеп жатады. Көз жанары арқылы адамды тез табуға болады. Бізде неге саусақ
іздері алынып отыр?
Қалмұханбет
Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
Ол
енді өте қымбат болады. Мынау арзан әрі тиімді. Алдымен қолды істеп алайық та,
сосын көзді көреміз.
Депутаттар
бүгін «Пробация туралы» заң жобасын да мақұлдады. "Бұл қылмыскерлерге
әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мақсатында жасалып отыр", - деді министр.
Пробацияның сотқа дейінгі түрі - күдіктінің мінезін-құлқын түзеуге бағытталған.
Ал пенитенциярлық пробация бостандыққа шығатын сотталушыны қоғамға бейімдеу
мақсатында жүргізілмек.
Қалмұханбет
Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
Пробация
туралы заң сотталушылардың санын азайтуға тікелей септігін тигізеді деп айта
алмаймын. Біз тек әлеуметтік көмек қана береміз. Қылмыс жасаған адам басқа да
қылмыстар жасамас үшін көмектесеміз. Оқытамыз, медициналық көмек береміз.
Соңында сотқа мінездеме өткіземіз. Сот шешімді өзі қабылдайды. Жазасын өтеп
шыққандар мен шартты түрде сотталғандардың арасында қылмыс жасау 40 пайызға
төмендеген. Ол осы пробациясың арқасында.
Пробацияға
психологтар, педагогтар, құқық қорғаушылар тартылады. Бұл қылмыстық процесске
жатпайды және заң бойынша елден шыға алмайтын және шартты түрде сотталғандарға
ғана жүреді. Аса ауыр қылмыс жасағандарға аталған шараның қатысы жоқ, - деді Ішкі
істер министрі.
Саламат ОМАШ