$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ұлттық банк төрағасы теңге тұрақты болады деп болжайды

AstanaTV
07.12.2016ж. 20:00
2343
Ұлттық банк төрағасы теңге тұрақты болады деп болжайды

Еліміздегі кейбір екінші деңгейлі банктердің бірігуі - қалыпты құбылыс. Банк секторындағы мұндай өзгерістің қаржы нарығы үшін кері әсері жоқ. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді. Айтуынша, кейбір банктер акционерлік капиталдарын ортақ жұмсау арқылы жағдайларын жақсарта білді. Сондықтан бұл әлемдік тәжірибеде жиі кездеседі, дейді бас банкир.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Қаржы институттарының бірігуі туралы тезиске қалыпты жағдай деп қарауға болады. Егер кейбір банктерде ақша айналымының қажеттілігі туындаса, акционерлердің бір жерге қаражат құюына болады. Сөйтіп қаржы нарығындағы өзінің капиталдық айналымын ұлғайтуына мүмкіндігі бар. Бұл қалыпты тәжірибе. Менің ойымша, мұндай жағдай 2017 жылы нақты жүзеге аса бастайды.

Биылғы жылы валюта нарығында жағдай тұрақты болды. Тек соңғы екі айда АҚШ ақшасының позициясы біршама күшейгенімен, қазір бұрынғы қалпына түсті. Ол шамамен 0,4 пайызға қымбаттаған. Бұл, әлбетте, мұнай шикізатының әлемдік нарықтағы бағасының құбылуымен байланысты. Алдағы жылы да теңге қазіргі позициясында қалуы тиіс. Сондықтан тұрғындардың төл валютамызға сенімі артып келеді, - дейді Данияр Ақышев.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Қазір мұнайдың баррелі шамамен ары-бері 10 АҚШ долларының айналысында құбылып тұр. Бұл ақша айырбасы нарығы үшін қауіпті емес. Теңге бірде арзандап, бірде құнын арттырып отырады. Сондықтан шетел валютасын сатып алған адам бірде ұтады, бірде ұтылып отырады. Ал 2017 жылы мұнайдың бағасы қалай құбылатынын болжау қиын. Бірақ біз ұлттық валютаның өз позициясын нығайтуына алғышарттар дайындап отырамыз.

Қараша айында инфляция көлемі біршама артқан. Ол 1,2 пайыз деңгейінде болды. Ал жылдық көрсеткіші орташа  8 пайыз шамасында сақталды. Келесі жылдың басында 6-8 пайыз дәлізінде болады деген болжам бар.