Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбеде мұнай ұрлады деген күдікке ілінгендер ұсталды

AstanaTV
07.12.2016ж. 20:00
2198
Ақтөбеде мұнай ұрлады деген күдікке ілінгендер ұсталды

Ақтөбедегі арнайы операция кезінде мұнай ұрлады деген күдікке ілінгендер ұсталды. Сонымен қатар мұнай ұрлауға қатысы бар тұлғаларға басшылық еткен салафизм ағымының бірнеше өкілі де қолға түскен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, арнайы операция "Ақтөбе мұнай өңдеу" зауыты маңында, сондай-ақ қаланың бірқатар аумақтарында болған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында мұнай ұрлау және мұнай өнімдерінің заңсыз саудасымен айналысу дерегі бойынша бірнеше күдікті ұсталған. Олар ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері болуы ықтимал. Операция кезінде мұнай және мұнай өнімдері бар автоцистерналар тәркіленді. Қазір олардың тұрғылықты жері бойынша тінту шаралары жүріп жатыр. Хабарламада "арнайы операцияға комитет қызметкерлерімен қатар ішкі істер министрлігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері атсалысты" делінген.

Арсен Бектасов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз хатшысы:

Бүгін Ақтөбедегі мұнай өңдеу зауытының маңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұйымдастырумен арнайы операциялар өтті. Қаланың әр аумағында қолға түсіру шаралары болып жатыр. Толығырақ ақпаратты беру мүмкін емес. Оны арнайы операция аяқталғаннан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті береді.