Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов «Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау өткізді

AstanaTV
07.12.2016ж. 20:00
2798
Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов «Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау өткізді

Қытайдан келген қандастарымыз азаматтық алу үшін Аспан асты елінен «сотталмағаны жайлы» анықтама әкелуі  керек. Алайда, Қытай тарапы ондай анықтаманы бермейды. Осының салдарынан қаншама оралмандар қиындық көріп жүр.

Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов бүгін «Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау өткізген. Осы қабылдауға арнайы келген азаматтар жоғарыда айтылған проблеманы кезекті рет көтерді. Белгілі болғандай,  2015 жылы ел аумағынан 307 қандасымыз Қытайға кері қайтарылса, осы жылдың 9 айында тағы 199 оралман әкімшілік жазаға тартылып, елден шығарылған. Көші-қон жанашыры Ауыт Мұқибекұлының сөзінше, заңдағы бір ғана тармаққа өзгерту енгізілсе, Қытайдан елге келгісі келіп отырған қандастардың мәселесі шешілер еді.

Ауыт Мұқибекұлы, көші-қон жанашыры:

Бұл мәселені қалай шешу керек? Бірінші ІІМ 992 бұйрығына толықтыру енгізіп, «ҚХР-нан келген қандастарды қоспағанда» деген бір ауыз ескертпе жалғау қажет. Егер бұл мәселе шешілмесе, онда баспасөз жиынын өткізіп, Қытайдағы қазақтарға елге келмеуіне үндеу жариялаудан басқа амалымыз қалған жоқ.

Мейіргүл Ұларбекқызы:

Менің әке-шешемнің визасының уақыты өтіп кеткен. Олар 5 жыл Қазақстанға келе алмайды, мен оларды сағындым. Мен осы жақта жалғыз қалып қалдым.

Ата-анасы Қытайға қайтарылғандықтан, 9 жасар Мейіргүл Алматыда, таныстарының қолында тұрып келеді. Бүгінгі қабылдауға келгендердің арасындағы ең жасы да осы қаршадай қыз. Министр бұл жағдайды жіті қадағалауына алуға уәде етті. Үкімет басындағылармен кеңесіп, заңды тағы бір қарап шығуға мүмкіндіктің қарастырылатынын айта кетті. Қоғамдық қабылдауға келген жандардың арасында алаяқтарға алданғандар, полиция қатарында қызмет еткісі келетіндер мен әділдік таба алмай жүргендер де болды. Еліміздің бас полицейі олардың мәселесі назарға алынатынын ескертті. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы да әрбір келіп түскен мәселелердің қаралып, аяқсыз қалмауын бақылауға алмақ.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Мұнда бірнеше сұрақтар бар. Сондықтан әрқайсысын жеке-жеке қарау керек. Кейбір азаматтар менің орынбасарларымның қабылдауында болыпты. Әр іспен мұқият танысып, жеке қарайтын боламыз.