Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Үрей туғызған үңгілер...Бос қалған шахталар қаупі

AstanaTV
10.12.2016ж. 20:00
3018
 Үрей туғызған үңгілер...Бос қалған шахталар қаупі

«Кең байтақ дала, қойны толған байлық» деген мақтаншақ теңеулерді айта берудің қажеті жоқтығына тағы бір дәлел – кең байтақ дала болашақта күл-қоқыс үйіндісіне айналуы мүмкін. Пайдалы қазбалары алынып, бос үңгірге айналған жерлердің нақты саны да белгісіз. Олардың адам денсаулығына, қоршаған ортаға қаупіне басқа да экологиялық қауіптерге қалай мән бермейміз, солай назар аудармаймыз. Тіпті аяқ астынан үй опырылып түссе де «апырмай, мынау шиленіп бара жатқан проблема ғой» деген реакция байқалмайды - 2014 жылы Риддер қаласында бүтін бір үй жер астына түсіп кеткен, естеріңізде ме? Мемлекеттік меншік ғана болған кеңес дәуірінен қалған шахталарды мемлекет залалсыздандыруы керек дейік, қазіргі жер қойнауын пайдаланушылар ше? Байлықты алып біткесін ырсиып қалған жерлерді заласыздандыруға олар операциялық шығындарының 1-ақ пайызын аударады екен. Дүниежүзілік банк еліміздегі бір сарқылған кенішті зерттеп көрген, оны ликвидациялайтын қорда 20 мың доллар қалған, ал ликвидациялауға 9-10 млн қажеттігі анықталған. Тамшы ғана. Өте күрделі проблеманы Айжан Қуаш талдайды. 

 Елімізде экологиялық қатер төнген аймақ, ол - Қарағанды. Әсіресе осы өңірде  пайдалы қазбалар алынып, кейін қараусыз қалған кеніштер көп. Тоқсаныншы жылдары бұрынғы «Қарағанды Көмір» бассейніне қарасты 26 шахта болған. Оның 18-і қолдан-қолға өтіп, тарап, ақыры жабылып қалды. Бүгінде бұл шахталардың орны үлкен үңгірлерге айналған. Жер асты кеніштеріндегі тереңге кететін желдеткіш, ұңғымалар залалсыздандырылмаған. Жер қатпарларынан бөлінген улы газдар орасан мөлшерде ауаға тарап жатыр.

Евгений Иванкин, «ҚАРАҒАНДЫ ШАХТА ТАРАТУ» РММК бас инженері:

 Біздің есебімізше, Қарағандының тек өндірістік ауданындағы көмір қатпарларында 5 миллиард куб метрден астам метан қалды.Осы жылдар бойы біз оның 20 миллионын ғана шығардық. Жылына 1 млн текше метрі ауаға ұшады. Ал, қалған метанның әлі қанша жыл бөлінетінін ешкім айта алмайды. Қараусыз қалған шахталарды су басып барады.Сөйтіп,тасыған су метанды ығыстырып жатыр.Тіпті, Топар, Нұра, Майқұдық шахталарында метан атылған кездер де болды. Сондықтан біз оларға арнайы құбырлар түсіріп газды сыртқа шығардық. Мұндай жағдайды ешкім күтпеген. Метанды қадағалауға ешқашан ақша бөлінбеген, ең бер жағы нормативті құжат та бекітілмеген.

Қазір жұмыс істеп тұрған шахталардың өзінде метанның тек 10 пайызы ғана отын ретінде пайдаланылады.Қалғандары ауа қабаттарын тесіп, ғаламдық жылу процесін жеделдетуде. Егер, метан өндірісін елімізде дамытса, оның зияны таза пайдаға айналар еді.

Дмитрий Калмыков, «ЭКОМҰРАЖАЙ» қоғамдық бірлестінің директоры: 

Метан өте жылытқыш газ.Ол климаттың жылуына әкеліп соғады. Ауа қабатын теседі. Сондықтан, оны бақылау керек. Оны көлік, энергетика саласына пайдалану керек. Қарағандының метаны 100-150 жыл көмірдің, энергетиканың орнына қолдануға жетеді.

Экологтардың мәліметіне сүйенсек, жыл сайын елімізде 700 миллион тонна өнеркәсіптік қоқыстар мен қалдықтар жиналады. Оның 250 миллионы денсаулыққа қауіпті улы заттар екен. Қоршаған ортаны ластауда Қарағандының тау –кен кешендері көш бастайды -30 %. Шығыс Қазақстан екінші орында -26%.Үшінші орынды Қостанай -17% мен Павлодар -14% облыстары  иеленеді.

 Қараусыз қалған шахталар метан бөліп қана қоймай, су басу қаупін төндіріп отыр. Қарағандының шетінде ғана тұрған Костенко шахтасынан аққан су иесіз тоғанға құйылып, елді мекенге жетуге шақ қалған. Ескі қалада қалып қойған үйлер мен көлік жолдарын көктемде топан су басуы әбден мүмкін,-дейді мамандар.

Нұрлан Шәкенов, Қарағанды қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бөлім бастығы:

Бұл бөгетке 365 күн бойы шахта сулары құйылады. Қазір,жарайды деңгей қалыпты.Ал, көктемде бұл тасиды,ол кезде сел жүрмесіне кім кепіл.

Костенко шахтасынан Арселор Миттал көмір қазады. Сондықтан құтқарушылар компанияны сотқа беріп, суды ағызбауға міндеттеген еді. Алайда "Қарағанды шахта тарату" мекемесінің мамандары қалыптасқан жайтқа, қазіргі Костенко емес, бұрын жабылған шахталардың залалсыздандырылмауы себеп дейді.

Евгений Иванкин, «ҚАРАҒАНДЫ ШАХТА ТАРАТУ» РММК бас инженері:

Барлық шахталардың жер қыртыстары бір-бірімен байланысты.Қазір Қарағанды қаласындағы кен орындарының ішінде Костенко ғана жұмыс істеп тұр. Басқалары жабық.Сөйтіп,олардың суы Костенко шахтасына ағып келіп жатыр. Костенко шахтасы бүгінде өз жұмысын жалғастыру үшін сол сулардың барлығын сорғызуға мәжбүр. Болашақта бұл шахта да жабылса, жер асты сулары мен жаңбыр суы қосылса, оның деңгейі қанша көтерілетінін, қалаға қаншалықты қауіпті екенін ешкім айта алмайды.

 Шығыс Қазақстанда қараусыз қалған кеніш 9 жылда үлкен көлге айналды. Зырян қаласының маңындағы шахтадан бұрын түсті металл қазылған. Жабылған соң жаңбыр, қар, жер асты сулары бір-бірімен араласып, шұңқырдан асып төгілді. Бірнеше жыл бұрын 126 үйді су басып, адамдар басқа жерге көшірілді. Экологтар мұндай көлдердің аса қауіпті екенін ескертеді.

Геннадий Корешков, ШҚО экологиялық қауіпсіздік орталығының жетекшісі: 

Кен орны жер асты суларымен қоршалған. Шахта қолданыста болған кезде суағарлар істеп тұрады. Ал, кеніш  жабылған соң қараусыз қалды. Бұдан кейін жер асты сулары белгілі бір деңгейге көтеріліп тоқтап қалса жақсы. Ал, нөсер жаңбыр көп жауса тасып, қоршаған орта мен адамдарға қатер төндіреді.

2014 жылы Риддер қаласында, бүтін бір үй жер астына түсіп кеткен болатын. Яғни, қаңырап қалған кәдімгі шахталар да қауіпсіз емес. Ал қарағандылық ғалымдар арнайы спутниктік радарлық түсірілім арқылы қаланың біртіндеп шөгіп бара жатқанын анықтады.150 жыл бойы үздіксіз жүрген қазба жұмыстарын табиғаттың өзі көтере алмаса керек. Арнайы қондырғы Абай, Шахтинск, Шахан, Саран қалалары мен Қарағандының оңтүстік шығысының үнемі қозғалып, ақырындап аласарып бара жатқанын көрсеткен.

Айжан Қуаш, тілші: 

Қаланың Ленин көшесіндегі 10 шақты үй ерекше темірлермен керіліп, тартылған. Бұл баспаналарды жарылып кетуден сақтаудың амалы.Алайда, қазба жұмыстарынан қалған қуыстар толтырылмаса, кеншілер шаһарының болашақта жер асты қаласына айналуы әбден мүмкін.

Алып шұңқырлар қазірдің өзінде көп. Ешкім оларды санап, есепке алмаған. Қала шетіндегі мына карьердің аумағы 40 гектар, тереңдігі 40 метр. Өткен ғасырдың ортасындағы ашық көмір кеніші қолдан қолға өтіп, ақыры жабылып тынған. Енді оны «Қарағанды Шахта Тарату» мекемесі көміп жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай жерлер уланғандықтан, оған шөп өсуі екіталай. Тек, кішігірім өндіріс орындары салынуы мүмкін. Осылайша, шахталар жабылған соң олардан қалған қалдықтарды тазарту, шұңқырларды тексеріп көму мемлекеттің мойнына артылды. Алдағы жылы бұрынғы Қарағанды көмір бассейні кәсіпорындарының орнын қалпына келтіруге қазынадан 1 млрд 700 млн теңге бөлінбек. Мәселені инвестиция және даму министрлігі қадағаламақ. Министрліктің тапсыруымен, Дүниежүзілік банк өкілдері мен экологтар, тәуелсіз сарапшылар бірлесіп тау-кен нысандарын тарату, жабылған соң залалсыздандырудың қаржылық механизмдерін салыстырып, зерттеуде. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» жобасы бүгінде арнайы конференцияда талқыланып жатыр.

Жанар Файзулдаева, сарапшы: 

Кен орнының  жабылуына кететін ақша оны жапқаннан кейін заласыздандыруға жұмсалатын қаржымен бірге есептелуі тиіс. Бүгінде бұл сома- кәсіпорындардың жалпы жылдық табысының 1 пайызын ғана құрайды, әрі оның кен орнын таратуға еш қатысы жоқ. Сондықтан ликвидацияның жеке құны болуы тиіс, бөлек есептелуі керек.

Тимур Өділов, WHITE & CASE KAZAKHSTAN» компаниясының заңгері: 

Бұл мәселені жер қойнауын пайдаланушыларға түсіндіру керек. Олар жерден пайда тапқан кезде қоғамға, мемлекетке зиян келтірмеуі тиіс. Австралия, Канада елдеріндегідей шахтаны алған кезде, оны жабу операцияларына жұмсалатын шығындарды да бірден есептеп, жобасын мемлекетке ұсынуы тиіс. Яғни, жер қойнауын қазатын компания кенішті жапқан соң, ол жер ары қарай қалай пайдаланылатынын жоспарлауы керек. Оған кететін қаражатты депозитке біртіндеп жинауына да болады.

 «Қарағанды Шахта Тарату» мекемесінің бас инженері Евгений Иванкин мәселені біржола реттеу үшін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» заңына түпкілікті өзгерістер енгізу керек,-деген пікір білдірді. Бар өмірін жабылған шахталардың орнын қалпына келтіруге арнаған маманның айтуынша, аталған кодексте шахталар жабылған соң, олардан қалған қалдықтарды залалсыздандыру, қазба жұмыстарының салдарын жою туралы бап жоқ.

Евгений Иванкин, «ҚАРАҒАНДЫ ШАХТА ТАРАТУ» РММК бас инженері:

 Өкінішке орай, «Жер қойнауы» туралы кодексте шахталардың жабылуын (ликвидациясын) қарастыратын баптар ғана бар. Ал, олар жабылған соң  залалсыздандыру туралы бірде-бір сөз жоқ. Біз айтып отырған газ, су тасқыны, шұңқырлар осының бәрін ескеру керек. Кен орны жұмысын тоқтатқан соң бұл кәсіпорындардың қалдықтарын  жою жағы жеке бапта жазылуы тиіс.

Дмитрий Калмыков, «ЭКОМҰРАЖАЙ» қоғамдық бірлестінің директоры: 

Бұл бір рет таблетка ішіп жазылып кететін ауру емес,созылмалы ауру сияқты. Шахталардан қалған жерлерді бір рет көміп кеткенмен, 3-4 жылда жер қыртыстары қозғалып, ығысады. Сол кезде газ қайта шығады, су қайта басады. Бұған жылдар бойы мониторинг жасау керек. Бұл өте ауқымды проблема. Бүгінде біздің есебіміз бойынша, құрылыс материалдарының 90 пайызы заңсыз, сондай карьерлерден алынады. Астана мен Қарағанды маңында қаншама шұңқырлар бар, адамдар қазып, керегін алып, қашып кетіп жатады.Ал, мемлекеттің сол минералды ресурстарды алу заңдылығын ұйымдастыруға шамасы жетпей отыр.

Тәуелсіз сарапшылар ұсынған жоба әлі талқыланып жатыр. Қарағандылық ғалымдар тәуелсіздік алғаннан бері экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған талай жоба ұсынғанымен, қаржы тапшылығынан қолдау таппай келеді. Мамандар экологиялық апаттың алдын алуға бағытталған ғылыми, құқықтық бағдарламалар ескерусіз қала берсе, Қазақстандағы тастанды кеніштер мен карьерлердің саны алдағы жарты ғасырда 50 мыңға жетуі мүмкін деп болжайды. Экологиялық апат деген осы.

Айжан Қуаш, «Біздің уақыт».