Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Тісі сарғая бастаған кісінің ертегісін тыңдау»...

AstanaTV
10.12.2016ж. 20:00
2741
«Тісі сарғая бастаған кісінің ертегісін тыңдау»...

«Мемлекеттік қызметшілерге арналған біліктілікті арттыру курсы дегеніміз - пәленбай атағы мен дәрежесі бар, тісі сарғая бастаған кісінің «ертегісін» тыңдап отырып ұйықтап кету. Оянып кеткеннен кейін костюмінің арқасын аппақ түске бояған қайызғақтарын қағып тастағың келіп, қолың қышу. Болды, басқа ештеңе емес. Оқытуға бөлініп жатқан есіл ақша, есіл уақыт!» 

«Дөп сөз» айдарының кейіпкері Атырау облысы, Құрманғазы ауданының тұрғыны Бақытгүл Сәрмекова.

«Жиырма бес жыл бұрын КСРО құлады.  26-ақ жыл бұрын миллиондаған адам совет билігі мәңгі деп сенетін». Фейсбуктегі танымал бір кісі осылай деп жазыпты... Бүгінгі кейіпкеріміздың жазбаларына көшейік. Экономикалық дағдарысқа, барлық ыңғайсыз жағдайларға кім кінәлі деп ойлайсыз? Қарайық. 

Елдің дамуына кедергі келтіріп, экономиканың тұралауына, артта қалуымызға, барлық былық мәселелерге кінәлі жемқорлық емес. Таңертең жұмысқа келе сала «обедке қандай тамақ жейміз?» дейтіндер кінәлі.

Бұны жазған Бақытгүл Сәрмекова есімді Атырау облысының тумасы. Мемлекеттік қызметкер. Прозаны жақсы көреді.

Есеп бергенде шабыттанып кетіп, өркендеу, даму, жарқын болашақ туралы жергілікті ақындардың төрт жол тақпағын қосып жібергенсің ғой... Жоғары жақтағылар шынымен оқи ма екен,-  деген эксперимент. Олар оқитын болса, тебіреніп отырып жазылғаны сондай, еңкілдеп жылауы мүмкін немесе есуасты жұмыстан шығарыңдар,- деп нұсқау келуі мүмкін. Күтейін, не болса да. Келесі жылы жұмысымды жалғастыра беретін болсам, алдағы уақытта ойыма келгенін жаза беремін.

Бақытгүл Сәрмекова: Өзімнің шамам жететін, қолымнан келетін заттарды жоспарлап қоямын. Және ол жоспарлар уақыты келген кезде орындалады деп ойлаймын. 

Мемлекеттік қызметшілерге арналған біліктілікті арттыру курсы дегеніміз - пәленбай атағы мен дәрежесі бар, тісі сарғая бастаған кісінің «ертегісін» тыңдап отырып ұйықтап кету.  Оянып кеткеннен кейін костюмінің арқасын аппақ түске бояған қайызғақтарын қағып тастағың келіп, қолың қышу. Болды, басқа ештеңе емес. Оқытуға бөлініп жатқан есіл ақша, есіл уақыт!

Бізде кейбір министрлер мен әкімдер «тыңдалмаған сөз жетім» дегеннен бейхабар сияқты. Көпшілік алдына шығып «лекция» оқығаннан шаршамайды. Олар тек Мәжіліс төрағасының алдына барғанда «қысылады», талай ұрыс та естігенін білеміз. Ал төмендеу қызметтегілер ше? Орынбасарының кеңесшісінің көмекшілері дегендер бар ғой.

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойынан мұртын бір майлап алғысы келіп, шапқылап жүрген біреу бар, бізде. Қазақстанның шекарасын жаяу жүріп, өзі қазып, белгілеп шыққандай терлеп жүр. Мерекені асыға күтіп, патриот болайын десең, осындай шетінен «жалақысыз жұмыс істеп, елді көркейткендер» берекені қашырады. Не ғой, жаңа жылға дайындық басталмады ма, қоянның маскасын сатып алайын деп едім.

Қоянды қайдам. Біз жылқыны құрметтейтін елміз. Жақсы көретініміз сонша, тіпті одан басқа ештеңе жегің келмейді. Саяхатшы Марко Поло «Қажет болса қазақтар қару-жарағымен түнді ат үстінде өткізуге бар» деп жазған еді. Жылқы сырын он саусағымыздай білеміз. Бірақ...

 «Аттың құлағында ойнаған xалықпыз. Тұлпар мінезді елміз. Жылқының жалынан тартып мінген асау xалықпыз» деп  кеуде соққанда керімсіңдер. Олай болса неге әлі күнге ат спортынан олимпиадаға барып, ең құрығанда бір медаль алмадыңдар? Ойланатын мәселе ғой.

Қызық мәселе. Кей ауылдың көлігі әлі күнге жылқы. Олимпиадаға барып ат спортынан алтын алып жатсақ, «көк дөненің допинг қолданыпты» деп жүлдені ешкім қайтарып ала қоймайтын шығар.

Ауылда мынадай қызық бар еді. Той кезінде той иесінің етжақыны мақтанышпен бес немесе он мың теңгеліктерді дастарханға маңғаздана лақтырып, шашу шашатын. Той иелері бірінші болып жинап алып, ел тарқасқанда жаңағы адамға қайтарып береді. Жұрттың көзінше екі жақ та бір-бірінің қолтығына осылай су бүркіп кететін. «Бәленшенің тойында түгенше ақшамен шашу шашыпты» деп ел әңгіме қылады. Қандай мақтаныш, иә! Бірақ, он мыңдықтар түбінде иесінде қалады... Олимпиададағы медальдардың тағдыры сол 10 мыңдыққа қатты ұқсайды екен.

Қайран он мыңдықтардың болашағы-ай... Ауыл өзгерген қазір. Дамыған. Палаткадағы той деген де жоқ. Мейрамханалар салынған. Уай-файға дейін дамыған.

Кеше үйде свет болмады. Кешкі тамақты майшаммен іштік. «Романтический ужин». Телефон, телевизор, интернет өшкен. Көптен көріспеген адамдардай әңгіме айттық. Діни, саяси көзқарастары екі түрлілер арасында шекісіп қалды. Жаңа жылға жоспар құрдық, жұмысымыз туралы айттық. Біраз жақындасып қалдық.

Иә, интернет болса көзің ашылады, болмаса өзің ашыласың. Фейсбуктан да шаршайтын кез болады. «Халқымды ойлаймын деп телефонның да, өзіңнің де зарядкаң отырады екен» дейді, Бақытгүл Сәрмекова бір жазбасында.

Бақытгүл Сәрмекова: Фейсбуктың екі функциясы бар. Біріншісі жаңа адамдармен тынысып отыруға септігін тигізеді. Екіншісі күнделікті ақпараттарды біліп отырасың. Ақпараттың бәрі сол жерде топтастырылған соң сол жерден қарап отыруға бәрі ынғайлы.

«Ұшақпен ұшқанда аспаннан құдайды көрген жоқсың ба?» - деді кішкентай Айдидар.
Жауабын әлі айтқан жоқпын...

АҚШ профессоры Камел Карпат «Қазақты сақтау – түрікті сақтау. Өйткені қазақ тілі – ең таза түркі тілі. Ал Түркиядағы мұсылманшылық – Иассауи уағыздаған мұсылманшылық» депті. Иә, біз құдайдан қорықпағаннан қорқамыз. Құдайдың жазғаны болар дейміз. Құрметті көрермен, жазып тұрыңыздар. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!