$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда ауадағы азот диоксидінің деңгейі шамадан 2,6 есеге артқан

AstanaTV
03.02.2023ж. 20:00
1979
Алматыда ауадағы азот диоксидінің деңгейі шамадан 2,6 есеге артқан

Алматыда ауа жоқ. Қала көк түтіннің құрсауында қалған. Ауадағы адам денсаулығына зиян азот диоксидінің деңгейі шамадан 2,6 есеге артық дейді мамандар. Тұрғындар экологиялық ахуалға алаңдаулы. Тақырыпты әріптесім Әйкерім Пернебек тарқатады.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Табиғаты сұлулыққа тұнып тұрған Алматы шаһарының қазіргі күйі осындай. Соңғы жылдары қала түтінге тұншығып тұр. Өздеріңіз көріп тұрғандай қазір де аспанды сұр бұлт жапқан. Мегаполистің миллионнан астам тұрғыны атмосфераның ластануынан тыныс алу қиын екенін айтады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Тау жақтан түскенде бізде кәдімгідей ауаның ластануы білінеді. Автокөліктің көптігінен деп ойлаймын и зауыттардың болуы содан.

- Балаларға зиян, конечно, балаларды далаға шығармауға стараемся. Ауа таза емес, экология ужас.

- Ауа райы өте лас. Мына қараш, қазір смог. Қазір не масқара болып кетті, қысқарту керек машинаны.

- Осындай лас ауада өмір сүреміз. Ең басты бізде ауа ғой, ауадан көптеген аурулар таралады.

Мамандардың айтуынша, мегаполистегі ауаның ластануына бірінші кезекте – жылу-электр орталығынан үздіксіз бөлінетін зиянды қалдықтар себеп. Оған қоса автокөліктер санының көбеюі де әсер етуде.

Алина ЫСМАҒҰЛОВА, «КАЗГИДРОМЕТ» РММ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Казгидромет Алматыдағы ауаның ластану деңгейі жоғары екенін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Негізгі ластану РМ-2,5 және РМ-10, азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртегі оксидінің тоқтатылған бөлшектеріне байланысты.

Қазір Алматыда 555 мыңнан астам көлік тіркелген. Сондай-ақ, күн сайын қалаға 230 мыңнан астам автомобиль кіріп-шығады. Әрбір 5-ші көліктен шығатын зиянды қалдық мөлшері нормадан асып түседі.

Ляйла МҰХАМЕДРАХЫМОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ РЕТТЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мониторинг бойынша жұмыстар жүргізілді. Жалпы алғанда, есептік тұрғыдан алған кезде 55% автокөліктерге шығып тұр шығарындылардың, 9% жеке үйлерге қалған 36% стационарлық көздерге шығып тұр. Диоксид азоты бойынша ең көп шығарындылар автокөліктерге түсіп тұр.

Қазір қалада ЖЭО мен жеке тұрғын үйлерді газға көшіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл – мәселені реттеудің бір жолы.

Ә. Пернебек