$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Банкроттық: несие қандай жағдайда кешіріледі?

AstanaTV
03.02.2023ж. 20:00
1629
Банкроттық: несие қандай жағдайда кешіріледі?

Банкроттықтан кейін қарызға белшесінен батқан қазақстандықтардың берешегі толық кешіріледі. Тек алдымен олар төлей алмайтындығын растауы қажет. Және бір қатар шектеуге мойынсынуы тиіс. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай түсіндіріп береді.

Өзін банкрот деп жариялағысы келетін қазақстандықтар үшінші наурыздан бастап өтініш бере алады. Ол үшін 3 түрлі рәсім қарастырылған: соттан тыс, соттан кейінгі және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Тілеужан КІШКЕНЕБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Мысалы, несие кепілсіз алынған несие болуы керек, жұмыссыз қалып қойғаныңызды растауыңыз керек. Жұмыс жасағанның өзінде де табыс көзіңіздің төлем жасауға жеткіліксіз екендігін дәлелдеу керексіз деген сияқты.

Банкрот болған азамат 5 жыл бойы қайта несие ала алмайды. 3 жыл барлық есепшоттарына қаржылық бақылау мониторингі жүргізіледі. Банкрот деп шешім шыққаннан кейін, еркін жұмыс істеп, тіпті кәсіпкерлікпен де айналысуға болады. Миллиондап табыс тапса да, ешқандай шектеу жоқ дейді қаржы министрлігі.

Айбол АМАНОВ, ҚР ҚМ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тек қана егер осы 3 жыл аясында өзінің атына тіркелетін мүлік алса, яғни, көлік, үй, жер. Сол кезде қарыз берушіге біз хабарлаймыз. Бірақ оның бәрін баса көктеп айта бермейміз. Әр түрлі жағдайлар болуы мүмкін, қай жағдайда ол мүлікті иеленді. Яғни ол мұрагерлік жағдай болуы мүмкін, сыйлық болуы мүмкін отбасын құрып деген сияқты. Тек қана түсініксіз жағдайда пайда болған заттарды ғана ескертіп, жеткізіп отырамыз. Ары қарай оны құзырлы органдар, қарыз берушілер өздері шешеді. Өндіре ме, өндірмей ме?

Банкроттықтан кейін алимент пен салықтан басқа барлық қарыз кешіріледі. Ал шетелге шығуға тыйым тек екі жағдайда қаралған. Біріншісі, банкроттыққа керекті қағаздарды тапсырғаннан кейін, құжаттарды сәйкестендіру уақытында және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру кезінде бөліп төлеу графигін белгілегенге дейін сыртқа шығуға болмайды. Ал басқа уақытта ешқандай шектеу жоқ.

А. Базарбай