$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Топтасып зорлық жасағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру ұсынылды

AstanaTV
25.08.2016ж. 20:00
2893
Топтасып зорлық жасағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру ұсынылды

Топтасып зорлық жасағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру керек. Бұл туралы зорлық-зомбылықпен күреске арналған дөңгелек үстелде айтылды. Әйелдерге қатысты зорлық жасалғанда тараптардың татуласуына заңмен тыйым салу қажеттігі де көтерілді. Зорлық құрбаны болған «Таңсәрі» қоғамдық қорының басшысы Дина Смаилова Қылмыстық кодексті қатаңдатуды сұрады. 

Дина Смаилова, «Немолчи.КZ» зорлыққа қарсы ұлттық қозғалысының ұйымдастырушысы:

Мұндай қылмыстарды орташадан ауыр деңгейлі қылмыстар қатарына ауыстыру керек. Зорлықтың құрбаны ретінде сұрайтыным, жаза мерзімін ұзарту қажет. Кем дегенде 10-нан 20 жылға дейін. Педофилдерді, топтық зорлық жасағандарды және жүкті әйелдерді зорлағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру керек. Тараптардың татуласуына жол беретін норманы алып тастаған дұрыс. 

Қоғамдық ұйым өкілдерінің айтуынша, елімізде әйелдер зорлық-зомбылықтан қорғалмаған. Тіпті жәбір көрген қыз-келіншектерге білікті көмек бере алатын мықты психологтар да дайындалмайды деп отыр.

Татьяна Бажова, «Аман-саулық» ҚҚ менеджері:

Бізде мемлекеттік деңгейде психологтар дайындалады. Ол  4 жыл білім алып шығып, зорлықтың құрбанына көмек көрсете ала ма? Зорлық жағдайында, маман сіздің жан-дүниеңізге көмектесу керек, ол жас маман тиісті көмек бере алады деп ойламаймын. Ондай психологқа сіз бармас та едіңіз. Дағдарыс орталықтары психологтарды өз күштерімен дайындап жатыр. Яғни зорлық-зомбылықтан жәбір көргендермен жұмыс істейтін мамандарды жүйелі түрде дайындап жатқан ешкім жоқ.

Айта кетерлігі, нәзік жандарды зорлықтан қорғауға арналған дөңгелек үстелде шақырылған көптеген құзырлы мемлекеттік орган өкілдері бой көрсеткен жоқ. Парламенттің жаңа маусымында да әйелдер құқын қорғауға қатысты заңдық өзгерістер әзір қаралмайтын сияқты.

Асылбек Смағұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазір бізде нақты заң жобасы бар деп айта алмаймын. Осы бүгінгі айтылғаннан кейін осы айтылған ұсыныстарды ескеріп, ары қарай осы заңдарды жетілдіруге қатысты мәселелер көтерілуі мүмкін.