Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Түркиядан 18 отандасымыз елге оралды

AstanaTV
08.02.2023ж. 14:35
987
Түркиядан 18 отандасымыз елге оралды

Түркияның Газиантеп қаласынан арнайы рейспен 18 отандасымыз елге оралды.  Олардың ел билігіне айтар алғысы шексіз.  Оның 16-сы қазақстандық, тағы 2 адам -қырғыз азаматы. Қазақстандық кәсіпкер Асадулла Арыстанов Газиантепке жиырма екінші қаңтарда жұмыс бабымен барған. Кәсіпкер Иран мен Түркиядан тоқыма бұйымдарын, кілемдер әкеліп сатады. Төтенше жағдай кезінде қонақ үйде болған. «Ғимараттың бесінші қабатқа дейін жарылғанын көріп шошыдым»- дейді.

Асадулла АРЫСТАНОВ, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ:

Жараланғандарды өз көзіммен көрмедім. Бірақ, адамдардың сол дүмпуден қорқып, жеңіл киіммен шығып кеткендерін өз көзіммен көрдім. Футболкамен, тіпті аяғына ештеңе кие алмаған. Мен мұндай жер сілкінісін бірінші рет көруім, өте қатты болды. Мемлекетімізге көп алғыс. Мен ертесіне консулдықтың сайтына кіріп, телефонға хабарласып едім, бірден жауабын беріп, әуежайға барыңдар деді.

Дүмпу ошағынан келгендердің  тағы бірі - Айбөбек Нарбекқызы. Жергілікті кілем фабрикасында жұмыс істейтін отандасымыз Газиантепте 5 жылдан бері тұрады.  Жер сілкінген уақытта үйден қашып шығып, жұмыс орнына барған.  

Айбөбек НАРБЕКҚЫЗЫ, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ:

Ғимараттар қирап жатыр. Сол ғимараттың астында қалып кеткен әріптесім бар. Бүгін кешке өлі денесі табылды. Үш сөзбен айтып жеткізе аламын. Біріншісі: түсінбеу, түсінбейсің не болып жатқанын. Екіншісі: қорқыныш, өзіңнің өміріңе, жолдасыңның өміріне, жақындарыңның өміріне. Үшіншісі: сол жағдайды қабылдайсың. Енді жер сілкінісі біткеннен кейін қайту керек. Жұмыс күтіп тұр.