Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Түркиядағы зілзала зардабы: 130 атом бомбасына тең

AstanaTV
09.02.2023ж. 20:00
2090
Түркиядағы зілзала зардабы: 130 атом бомбасына тең

Анадолы елінен 64 отандасымыз елге оралды. Түрік бауырламызға көмекке барған қазақстандық құтқарушылар 4 азаматты үйіндінің арасынан аман алып шықты. Жерлесіміз Сабина Мамадиярова да қиранды астынан табылды. Қазір ауруханада ем алып жатыр. Тағы үш отандасымыз іздестірілуде. Толығырақ Сүндет Оралбеков тарқатады.

Түркияға құтқарушылардың екінші легін алып барған ұшақпен 64 адам елге келді. Оның 42-сі қазақстандық, 22-сі Қырғызстан азаматы.

БЛИЦ:

- Қатты үрей болды. Сағат 4-те болған еді бірінші сілкініс. Барлығын шығарып, эвокуация болды сразу. Қатты біртүрлі болып қалдым. Өйткені ондайды көрмеген едім.

- Айтатын ештене жоқ. Қатты қорықтық. Далаға шығуды білмедік. Қыздарыммен тек қана Фатиханы оқып отырдық. Сосын барып есімді жинадым, далаға шықтым. Светтің барлығы өшіп қалды.

- Біздің тұрған баспана екі этажды баспанада тұрамыз. Біздің баспанада бірдене жоқ. Бірақ, қалған 4-5 этажды зданиелар барлығы жығылды.

Түркиядан келген отандастарымыз Астана қаласындағы қонақ үйге орналастырылды. Олар қалаған уақытына дейін тұра алады және олардан ақы алынбайды.

Тансель ТЕРДЖАН, ҚОНАҚ ҮЙ МЕНЕДЖЕРІ:

45 адамға арналған 15 бөлме дайындадық. Түркияда болған оқиға салдарынан көптеген адам қаза тапты. Біз қатты өкінеміз. Бұл Түркиядағы ең ірі жер сілкіністерінің бірі. Біз олармен бірге осы трагедияны бастан өткеріп жатырмыз. Анталия мен Кемерде біздің қонақүйлер желісі де алғашқы 1000 зардап шегушіні қабылдайды. Кез келген адам өтініш бере алады.

Қиын кезеңде көмек қолын созып жатқандар өте көп. Солардың қатарында қазақстандық студенттер де бар. Бекзат Бекболат ерікті түрде достарымен бірігіп жылу жинап, зардап шеккен аймақтарға қыстық киім, азық-түлік пен дәрі-дәрмек таратып жатыр.

Бекзат БЕКБОЛАТ, СТУДЕНТ:

Бұған дейін Түркия бізге степендия беріп, көмек беріп келсе, енді біздің түрік халқына көмектесетін уақытымыз, сәтіміз келді деп, солай жан-жақтан жәрдем жинай бастадық. Аз уақытта бір күннің ішінде 300мыңдай, 200 мыңдай жинап, оны осындағы AFAD секілді төтенше жағдайда көмек көрсететін ұйымдар бар. Солардың шотына жәрдем ретінде аудардық.

Қазақстандық құтқарушылар Газиантептегі құлаған 9 қабатты үйдің қиранды астынан 4 адамды аман алып шықты. Оларды жергілікті медицина қызметкерлеріне тапсырды. Бұдан бөлек, үйінді арасынан 10 адамның мәйітін тапқан.

Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Құтқарушылар тоқтамай екі сменамен жұмыс істеп жатыр. Күндіз де, түнде де. Барлық керекті заттарымыз, құралдарымыз жетеді. Жергілікті әкімшілікпен осы жерден құтқару басқармасымен жұмысты ұйымдастырдық.

Түркияда зілзаладан көз жұмғандар саны 15 мыңға жуықтады. Шамамен 63 мың адам жарақат алған. Дүмпудің әсерінен 6000-ға жуық ғимарат қирады. Түрік жерінде бірінші жер сілкінісі орын алған уақыттан бастап 700-ге жуық афтершок тіркелген. Салдарынан 13,5 миллион адам тұратын, жалпы аумағы мың шаршы шақырым болатын 10 провинцияға зақым келген. Айта кететін жайт, Соңғы болған зілзаланың зардабы 130 атом бомбасына тең дейді мамандар.