Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Рудный қаласында тағы жылу құбыры жарылды

AstanaTV
09.02.2023ж. 20:00
629
Рудный қаласында тағы жылу құбыры жарылды

Тобыл өңіріндегі Рудный шаһарында тағы жылу құбыры жарылды. 24 көпқабатты, 59 жеке сектордағы тұрғын үйден басқа 17 нысан жылусыз қалды. Кеншілер қаласындағы Горняков көшесіндегі коммуналдық апат осымен бірнеше рет қайталанып отыр. Тұрғындар таңертеңнен бері пәтерлері салқындай бастағанын айтады. Бүгін қалада ауа температурасы -16.

БЛИЦ:

- Үйдің іші суық. Оның үстіне балаларымның қызуы көтеріліп ауырып отыр. Жылуды қашан беретіні белгісіз. Қашан бұл мәселенің шешілетіні белгісіз. Қыс бойы бірнеше рет өшіп жатыр.

- Биыл екінші рет қайталанып жатыр. Қыс. Суық ғой. Балам үнемі ауырып қалады. Пәтер салқын.

Қала әкімінің орынбасары Азамат Ысқақовтың айтуынша, апат орны анықталып, сыртқа аққан су құрғатылған. Жөндеу жүріп жатыр. Бүгін жылу беріледі деп сендірді. Рудный қаласында 1 қазаннан бері инженерлік желілер осымен 74 -ші рет жарылған. Кеншілер қаласындағы жылыту орталығы екі жыл бұрын әкімдік еншісіне қайтарылған. Жылу құбырларының алпыс проценті тозған.

Азамат ЫСҚАҚОВ, РУДНЫЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгін жұмыстарды аяқтауға тырысамыз. Сосын жылу беру басталады. Көпқабатты үйлердегі жылу жүйесін қатырып алмау үшін жарылған құбырды тез ауыстыруымыз керек.

З. Санай