Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Дәрігерлер бір жарым жасар алматылық Мансұрдың жағдайы жақсы деп бағалап отыр

AstanaTV
31.08.2016ж. 20:00
2564
Дәрігерлер бір жарым жасар алматылық Мансұрдың жағдайы жақсы деп бағалап отыр

Алматыда ауыр халде жансақтау бөліміне түскен 1 жарым жасар баланың беті бері қарады. Бұл туралы бүгін №1 балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Николай Дьяченко мәлімдеді. Айтуынша, сәби жансақтау бөліміне 3 тамыз күні бас сүйек жарақатымен түскен. Дәрігерлер шұғыл ота жасапты. Ол бірнеше аптадан соң ғана есін жиған. Қазір жағдайы қалыпты, отадан кейін денсаулығын оңалту үшін қаладағы №2 балалар ауруханасының неврология бөліміне уақытша ауыстырылған. Мансұрдың неден ауыр соққы алғаны әзірге беймәлім. Алайда анасы дәрігерлерге «сәбиді бала күтушісі өлімші етіп сабады» деген.

Николай Дьяченко, қалалық № 1 клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Бас сүйек жарақатын әдетте қалай алады? Құлап қалып, сүрініп не болмаса басқа да ауыр соққыдан алуы мүмкін. Біз бұл жағдайдың қалай болғанын білмейміз. Анасы біреу ұрды десе, өзгелері басқа жағдай екенін алға тартады. Бұл іспен жауапты мекемелер айналысып жатыр. Ақ-қарасын солар анықтайтын болады. Біздің басты міндетіміз - науқасқа дер кезінде көмек көрсетіп, аман алып қалу. Нәтиже жаман емес. Қиын күндер артта қалды. 

Дәрігерлер балаға тағы бір ота жасамақ. Енді олар алынған бас сүйекті қайта орнына салуға дайындалып жатыр. Сондай-ақ жарақаттың неден болғанын анықтау үшін, бірнеше медициналық сараптамалар жасау жоспарланған. Бұл оқиға қазір қоғамды алаңдатып отыр. Әлеуметтік желілерде бұл оқиға жайында ақпараттар тарады. Онда, белсенділер баланы күтушісінің өлімші етіп сабағанын және одан тергеушілер қаладан кетпеу жөнінде қолхат алып, жайына қоя бергенін жазған. Ал ІІД болған жайтқа қатысты қандай да бір ақпарат беруге асығар емес.