Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ата-әженің немересімен араласуы заңмен бекітіледі

AstanaTV
15.02.2023ж. 20:00
1918
Ата-әженің немересімен араласуы заңмен бекітіледі

Елімізде ата-әжесінің немересімен араласуы енді заңмен бекітіледі. Бұл «Неке және отбасы» кодексіне енгізілмек. Қазір мәселе ашық талқылауда. Қоғамның пікірі қандай? Оны тілшіміз Аружан Серік білді.

Аружан ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Елімізде отау құрған 10 отбасының үшеуі ажырасады. Ортада құрбан болып бала қалады. Ата-анасының бірінен айырылып қана қоймай, туыстарынан да бірте-бірте алыстайды. Баласын ата-әжесімен араластыруға тыйым салатындар да жоқ емес. Салдарынан қоғамда көптеген дау туындайды. Енді бұл қарым-қатынас өзгермек. Себебі елімізде ата-әженің немересімен араласу құқығы заңмен бекітілмек.

Қоғамның бұл мәселеге қатысты пікірі екіге жарылады. Көпшілік ата-әженің немересімен араласуын Заңмен реттеу ақылға қонымсыз деп санайды. Солардың бірі – бес немересі бар Айжан Сейсенқызы.

Айжан СЕЙСЕНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біріншіден, бұл біздің ата тегімізге, жалпы, атадан келе жатқан жолға, ата дәстүрімізге ұят нәрсе. Сағына күткен, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын сол шаңырақтың бағы мен балы болып келетін немере ата мен әженің шырағы ғой. Қазақта айтады ғой: «Немере балдан да тәтті. Баладан да биік» дейді. Қазақ деп соққан қаны бар кез келген қазақ ұлтының адамы немересімен араласуды заңмен беттестіріп, заңмен бекітіп қойғанда ол қандай бағыт-бағдар алады екенбіз?

Министрліктің айтуынша, соңғы уақытта ата-әжелер мен өзге туысқандардың тарапынан шағым көбейген. Әкесі немесе анасы балаларын көрсетпейтін жағдайлар жиілеген. Заңға жаңа бап енгізу осыдан туындады дейді.

Мақсат НЕСІПБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Ата-әжелердің, балаға жақын туысқандардың құқықтың мүддесін қорғау мақсатында осы норманы біз қазір кіргізіп жатырмыз. Ағымдағы жылдың 25-ақпанына дейін ол ашық порталда тұр. Яғни, қазіргі сәтте осы нормаға байланысты, өкінішке орай, бірде-бір жақсы жағынан немесе теріс пиғылдағы бір комментарийлер, ұсыныстар келіп түскен жоқ. Бірақ та бұл норма керек деп есептеймін.

Ал Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, бала тәрбиесіне ата-әженің оң ықпалы басым. Сұралғандардың 70 процентке жуығы ата-әжесі балаға салт-дәстүр мен отбасы құндылығын сіңіреді, туыстарына қамқорлық жасау мен үлкенді құрметтеуді үйретеді деп жауап берген.

Гүлнәр ОМАРОВА, АТА-АНАЛАР ҚОҒАМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қоғамда жанашырлық, мейірімділік, балаға деген махаббат, сол үлкен бір идеология өзгеру қажет та. Бұл бүкіл қоғамымыздың жұмысы деп ойлаймын. Заңмен оны реттеу қиын деп ойлаймын. Әрбір адамның санасына беру керек ол түсінікті.

Бапқа сәйкес, ата-ана баланың жақын туыстарымен араласу мүмкіндігін беруден бас тартқан жағдайда, дауды Балалар құқығын қорғау саласындағы уәкілетті орган шешеді. Ал жаңа норманың қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.

А. Серік