$479.38 €531.63 ₽5.27
×

«40 күн дұға қабыл болмайды»: жұлдыз жорамалға сенген дұрыс па?

AstanaTV
15.02.2023ж. 20:00
1586
«40 күн дұға қабыл болмайды»: жұлдыз жорамалға сенген дұрыс па?

«Бүгін күніңіз сәтті өтеді» немесе «ақша жаратудан сақ болыңыз!» Жұлдызыңызға қарай біреу жорамалдап осылай десе елең ете қаласыз ба? Онда құлаққағыс. Қағаз беттеріндегі кеңестерге сеніп, күнін жорамалмен жоспарлап, тірлігін болжаммен байланыстыратындардың дұға-тілегі қабыл болмайды дейді имамдар. Планеталарды бақылап, сандарға сеніп жүргендер күнәһарлар ма? Әріптесім Ақбота Базарбай жұмбақ ғылым туралы біліп көрді.

Күнделікті жорамалға сеніп, тағдырын айтылған болжаммен байланыстырып, соған сәйкес қадам жасап немесе күйзеліске ұшырап жататындар бар. Ал ол қаншалықты тура келеді?

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Сене бермеймін, бірақ кей-кезде сәйкестері келіп тұрады болжайтын астрологтардың.

- Көбі сене бермейді. Бірақ сәйкестіктері өмірде келіп жатады. Өз басым сенемін.

- Мен өз басым сенбеймін. Ол өтірік адамдарға эксперимент жасап, қандай болатынын білген нәрсе.

Астрологтар жалпылама жорамалдардан гөрі бір ғана адамның туған күні мен жылына есептелген болжам тура келеді дейді. Ол планеталардың қозғалысына байланысты жасалады екен. Жұлдыздар шатаспайды деп сендіреді.

Ақбота ҚАДЫРБЕКОВА, АСТРОЛОГ:

Адамның туған күніне қарай болжам картасы ұсынылады. Ол жерде 10 түрлі ғаламшар көрсетіледі. Оның әр қайсысы белгілі бір зодиак белгісін көрсетеді. Соған қарап астролог сол адам туралы белгілі бір ақпараттарды көре алады. Ол қандай адам, не істеуі керек, қандай істе жолы болады тағы басқа. Және ол 100 процент нақты деп сенімді түрде айта аламын.

«Ал исламда бұл үлкен күнә» дейді имамдар. Айтуларынша, жұлдыздарға қарап, болашақты болжағандар сиқыр жасағандармен бірдей күнә арқалап, қырық күн бойы тілеген тілектері мен дұғалары қабыл болмайды.

Әділхан СЕРІКБАЙ, НАИБ ИМАМ:

Болашақты Алла тағаладан басқа ешкім білмейді. Жұлдыздардың құрылымы біздерге болашақты баяндап бермейді. Бір адамның болашағы, оның мінезі, өмірі жұлдыздарға қарап мынандай болады екен деп айналысуға болмайды.

Жұлдыз жорамалға тәуелділік адамның психикасын бұзады. Өз бетімен шешім қабылдап, сәтсіздікке ұшыраған жағдайда қиындыққа төтеп бере алмай қалады дейді психолог.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Психикаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Жұлдызнаманың барлығы жанама түрде жазылған. Сондықтан барлығына бірдей келе береді. Адамдар ол ақпаратты жүрегіне жақын қабылдап жатады.

Тек жұлдыз жорамалға қарап шешім қабылдау өмірге кері әсерін тигізеді. Жалпы адам не нәрсеге сенсе алдынан сол шығады дейді мамандар.

А. Базарбай