$480.11 €532.25 ₽5.14
×

Егде жастағылар тіл үйреніп жүр

AstanaTV
15.02.2023ж. 20:00
1074
Егде жастағылар тіл үйреніп жүр

Ата-әжелер қолдарына дәптер мен қалам алып, студент атанып жүр. Ондай мүмкіндікті қалада ашылған бірнеше оқу орны туғызып отыр. Орталықтарда 55 жастан асқан егде жастағыларға білім алу қарастырылған. Тіл үйренуге құлшынып жүргендермен тілшіміз тілдесті.

Шет тілін үйреніп жатқан Гүлжахан Жамбылованың жасы 76-да. Өмірінің 39 жылын жоғарғы оқу орнында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Енді араға жылдар салып, университет табалдырығын ұстаз емес, шәкірт ретінде аттап отыр.

Гүлжахан ЖАМБЫЛОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

Қызық! Үйреніп жатырмыз, оқып жатырмыз. Тіл білген деген жақсы ғой, көп нәрсені үйренесің, өмірді үйренесің, адаммен қарым-қатынасың жақсарады, біреумен өз тілінде сөйлесіп отырсаң жақсы ғой, жақсы қарайды ғой, ұнайды ғой ол оған. Бізге де біре қазақша сөйлесе бізге ұнайды ғой. Мүмкіндік болса Францияға барамын. Әлі қартайып отырған жоқпыз.

Егде жастағыларға жаңа мамандықты меңгертетін бұл орталықта 12 бағыт бойынша 100-ден астам адам білім алуда. Әсіресе, тіл меңгеру курстары мен цифрлық сауаттылық дәрістеріне сұраныс жоғары. Бүгінде 300 адам сертификат алып үлгірген.

Людмила ИГОРЕВНА, ФРАНЦУЗ ТІЛІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Әр топты бір методикамен оқытуға болмайды. Себебі әр топтың тіл меңгеру деңгейі әртүрлі. Сондықтан мен сабаққа дайындалу барысында француз және ресей оқытушыларының әдістерін іріктей отыра дәріс беремін. Бір айдың өзінде тыңдаушыларым француз тілінде сөйлей бастады.

Дәрістер 8-ден 72 сағатқа дейін жоспарланған. Курсты толығымен өткендерге арнайы сертификаттар табыс етіледі. Қалада осындай 4 орталық жұмыс істейді. Олар Есіл, Байқоңыр, Сарыарқа, Алматы аудандарында орналасқан. Ай сайын орталыққа 6500 астам адам келіп, түрлі курстарға қатысып тұрады.

Мұхтар ДҮЙСЕНҰЛЫ, БЕЛСЕНДІ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Әрбір центрда қызмет көрсететін жерлеріміз бар. Сол жерде бүгінгі күні 40 адам тренер болып, кружоктарды басқарып істейтін кісілер бар. Әсіресе әйелдер үш жерде тоқыма тоқиды, шәлі тоқиды, макраме тоқиды. Әдемі-әдемі заттарды шығарып, балабақшаға, мектепке сыйлық ретінде береді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қарттардың 18% жалғыз басты, ал 25% балаларының қарауынсыз қалған зейнеттегі ерлі зайыптылар. Осы орайда үлкен буынның уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ашылған орталықтардың маңызы зор. Атап өту керек, бүгінгі күні Қазақстан бойынша мұндай орталықтардың саны 52-ге жетіп отыр.

А. Базарбай