$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Бүгін 370 мың балдырған алғаш мектеп табалдырығын аттады

AstanaTV
01.09.2016ж. 20:00
3567
Бүгін 370 мың балдырған алғаш мектеп табалдырығын аттады

Бүгін елімізде алғашқы қоңырау соғылып, 370 мың бала тұңғыш мектеп табалдырығын аттады. Ал жазғы демалыстан барлығы 2 млн 700 мың оқушы оралып, парталарына қайта жайғасты. 12 жылдық білім беру жобасына сәйкес биыл бірінші сыныптың бағдарламасы толық жаңартылған. Енді Әліппенің орнына «Сауат ашу» кітабы оқытылуы тиіс. Мұнан бөлек, Білім және ғылым министрлігі қос тілде дәріс беретін ұстаздардың жалақысын көтеруге ниетті.

Дәл осылай бүгін елдегі 7 жарым мың мектепте алғашқы қоңырау үні соғылды. 3 айға созылған жазғы демалыс тәмамдалып, балалар қайта парталарына жағасуға асық. Алматыдағы №137 мектепке Бекайша, Жанайша, Нұрайша және Гүлайша да келіп тұр. Апалы-сіңілі қыздар, яғни төртемдер, енді бір сыныпта оқымақ.

Есентай Қапар, төртемнің әкесі:

Таңғы 6 - да тұрды. Сегізге он бес минут қалғанға дейін алыстық ғой, киімдерін кигіздік. Апасы көмектесті, атасы көмектесті. Мен де көмектестім, негізі мамасы қолға алады. Шамасы келгенше, атасы мектепке тасуға көмектесемін деп отыр. Барғылары келді мектепке, асыға күтті. Өздері қуанышты.

Бұл Астанадағы ең үздік мектептердің бірі - №70-ші лицейдің мерекелік сапта тұрған жас шәкірттері. Биыл мұнда 217 бала мектеп табалдырығын алғаш аттады. Мұндағы балғындарға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те жақсы тілегін айта келіпті. Бас мұғалім біршама жаңалықпен бөлісті. Биыл бірінші сыныптың бағдарламасы толық жаңартылды. Қатарына ағылшын тілі қосылып, жалпы 9 пәннен сабақ беріледі. «Әліппенің» орнына енді «Сауат ашу» кітабы оқытылуы тиіс. Ең бастысы, министр сөзіне қарағанда, тегін оқулықтан қағылған оқушы жоқ. 

-Кей өңірлерде оқулық жетпей жатыр деген ақпарат қаншалықты рас?  


Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Оны кім айтты? Оны алдымен барып тексеру керек. Біз 380 мың комплект оқулықты басып, таратып бердік. Жергілікті әкімшілік мектептерге оның бәрін апарды. Қазір бізде бір мектептерде оқулық жетпей жатыр деген ақпарат жоқ.

Ерлан Сағадиев құр кетпей, 3 тілде білім беретін мектептің ішкі тынысынмен де танысып шығуды ұйғарды. Министрдің өзі де 3 тілді жетік білетін кісі. Сондықтан кетерінде тілек кітабына - қазақ, орыс және ағылшын тілінде жылы лебізін жазып қалдырды. 

Сонымен, бүгін 2 млн 700 мың оқушы қайта сабаққа оралса, 370 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттады. Биыл осы 1-шімен қатар 8-ші сыныптың да оқулығы жаңартылған. Енді келер жылы - 2, 5 және 7 сыныптар қайта өңделуі тиіс. Өзгерістің бәрі 2020-шы жылға дейін аяқталады деп жоспарланған. Тағы бір жаңалық, Білім және ғылым министрлігі екі тілде сабақ беретін ұстаздардың жалақысын өсіретінін мәлімдеді. 

Құралай ПИОНЕР