$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Е. Әубәкіров ісіне қатысты сот отырысына алқа билер қатыспақ

AstanaTV
02.09.2016ж. 20:00
3248
Е. Әубәкіров ісіне қатысты сот отырысына алқа билер қатыспақ

Студент Ерасыл Әубәкіров өліміне қатысты атышулы іс бүгін сотта қарала бастады. Алайда сот БАҚ үшін жабық есік жағдайында өтіп жатыр. Судья, олардың жеке өміріне, жыныстық қарым-қатынасына байланысты ақпарат жалпақ жұртқа жария болмас үшін, осындай шешім қабылдаған. Алғашқы сот отырысын бақылаған тілшіміз Айбек Қосан баяндайды.

Айбек Қосан, тілші:

Атышулы қылмыстық іс Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында қаралып жатыр. Бүгін таңғы 10-да басталған еді.

Алайда Ерасыл Әубәкіровтің сонау Өскеменен келген әкесі сот залына бірден жіберілмеді. Тек жарты сағат өткеннен кейін ғана кіруге рұқсат етілді. Ерасыл Әубәкіровтың өліміне байланысты істің көлемі 10 томға жеткен. Бірақ бүгін тек алқа билер құрамы жасақталды. 


Тельман Аленов, Ерасыл Әубәкіровтың қорғаушысы:

Алқа билер құрамына кіретін 12 адам анықталды. Оның 10-ы негізгі, екеуі қосымша. Осымен болды. Ал басты сот отырысы 7 қыркүйекте сағат 15:00-де басталады.  

Бұл іске қатысты үш айыпталушы бар. Олар - Нұрбек Әжімбаев, Андрей Тихоненко және Виталий Шерстенев. Күдіктілерге ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, жыныстық зорлық қылып, кісі өлтірді деген айыптар тағылып отыр. Алғашқы отырыста-ақ олардың адвокаттары бірқатар құқық бұзушылықтар болғанын айтты.

Ерлан Ғазимжанов, айыпталушы Н.Әжімбайдың қорғаушысы:

Алқа билер құрамын таңдағанда Конституцияның қағидаларына сәйкес келмейтін әрі адам теңдігін бұзатын қадамдар болды. Сонымен қатар, өкінішке орай, қорғау құқын жүргізуге қатысты заңбұзушылықтар болды.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы ақпан айында Астанада 23 жасар студент Ерасыл Әубәкіров із-түзсіз жоғалып, оны тәртіп сақшылары мен еріктілер жұмыла іздестірген болатын. Бір аптадан соң оның мәйіті табылды. Бастапқыда бұл іске тағы бір күдікті ретінде Аян Мейірбаев тартылған еді. Алайда кейін қылмыстық құрам таппағандықтан, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, қамаудан босатылған еді.