$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Елде жиһаз өнеркәсібі соңғы 10 жылда болмаған дағдарысқа ұшырады

21.02.2023ж. 20:00
1123
Елде жиһаз өнеркәсібі соңғы 10 жылда болмаған дағдарысқа ұшырады

Елімізде жиһаз өнеркәсібі соңғы 10 жылда болмаған шығынға ұшыраған. Оған не себеп? Елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін үкімет қандай шараларды қолға алды? Осы және өзге де ақпараттар «Экономика жаңалықтарында».

ЖИҺАЗ ӨНЕРКӘСІБІ ДАҒДАРЫСҚА ҰШЫРАДЫ

Елімізде жиһаз өнеркәсібі соңғы 10 жылда болмаған шығынға ұшырады. Себебі пандемия кезінде саладағы өнеркәсіп өндірісі айтарлықтай төмендеген. Содан бері елдегі жиһаз өнеркәсібі қалыпқа келе алмай келеді. Салдарынан былтыр жыл басында еліміздің жиһаз өнеркәсібінде 1516 заңды тұлға тіркелген болса, биыл қаңтарда аталған көрсеткіш 8% төмендеді. Соған байланысты жиһаз бағасы өскен. Бұл, әрине, инфляциямен де байланысты. Отандық өнімді алушылар азайған. Ал экспорт тіпті нашар. Көрсеткіш тауарлық позициялар бойынша қолда бар ресурстардың 1 процентіне де жетпейді.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАРТЫМДЫЛЫҚ

Қазақстан экономикасы оң өсу қарқынын көрсетіп, инвестициялық тартымдылығын сақтап қалды. Өткен жылы республикаға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 17,8%-ке өсті, ол- 22,1 млрд$. Премьер министрдің төрағылығы мен өткен жиында ашық салық саясатын жетілдіру мәселесі талқыланды. Фискалдық реттеуді қайта қарау үшін қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Ол салықтық бақылауды цифрландыруды, сараланған мөлшерлемелерге көшуді, технологиялық жаңғыртуды ынталандыруды, арнаулы салық режимдерін оңайлатуды көздейді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жаңа экономикалық жағдайда ҚР Үкіметі шетелдік инвесторлардың жұмысы үшін қолайлы жағдай жасап келеді. Бизнес-жобаларға тұрақты негізде фискалдық және фискалдық емес жеңілдіктерді, сондай-ақ преференцияларды қамтитын жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр.

КАРТОП ЭКСПОРТЫ 18,5 % ӨСКЕН

Былтыр елімізде 4,1 млн тонна картоп жиналды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,2%-ға көп. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 588 мың тонна өнім өндірген. Ал жеке кәсіпкерлер мен шаруа немесе фермер қожалықтары – 1,5 млн тонна өнім берді. Қалғаны үй шаруашылықтарының үлесінде болды. Нәтижесінде өндіріс көлемінің ұлғаюымен бірге картоп экспорты да өсті.