Алматы қалалық білім басқармасы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды балаларды күтіп-бағу шарттары бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын тексеру үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндеттеген. деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мәлім еткендей, мұндай тармақ білім басқармасы мен жекеменшік балабақшалар арасындағы келісім-шартта көрсетілген.
«Осы тармаққа сәйкес мемлекеттік орган өзіне жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда тексерулер жүргізуге өкілеттік береді, ал заңнамада мониторинг жүргізу тәртібі егжей-тегжейлі регламенттелген. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын тармақтарды жою бойынша қолданыстағы шарттарды қайта қарау туралы ұсынымдар жіберді»,- деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі уақытта шарттар қайта қаралды, мектепке дейінгі ұйымдарға заңсыз тексерулер жүргізу кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгіну қажеттілігі туралы хабарламалар жіберілді.