$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Өзбекстан президенті Ислам Каримов дүниеден озды

AstanaTV
03.09.2016ж. 20:00
3005
 Өзбекстан президенті Ислам Каримов дүниеден озды

Ислам Кәрімов дүниеден озды. Кеше түнге қарай Өзбекстан парламенті мен үкіметі атынан хабарланды. "Жүрегіміз езіліп, қыркүйектің 2-де біздің қымбатты Ислам Абдуганиұлы Каримовтың алған инсульттың кесірінен мидың және кейбір органдарының қалпына келмеуінен қайтыс болғанын хабарлаймыз",-делінген үкімет порталында. Оның жүрегі Ташкент уақытымен 20.15-те тоқтаған. Реанимациялық шаралар нәтиже бермеген, 20.55-те биологиялық өлім тіркелген...

"Ұлы тарихи тұлғаның арқасында республикамыз тәуелсіздігін алды, дамуы жолында үлкен жетістіктерге қол жеткізді, жас мемлекетіміздің жауапты және ауыр кезеңдерінде жағдайдың шатқаяқтап, сұмдық соғыстардың болмауы қамтамасыз етілді"...

"Біздің және ұрпақтарымыздың есінде Ұлы мемлекеттік қайраткер мәңгі қалады"...

Қаралы хабардағы сөйлемдер...

Ислам Каримовтың қайтыс болғанына орай Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан халқына, отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдаған. Қазақстандықтардың бауырлас халықтың қайғысын бөлісетінін, 30 жылдай қанаттаса жұмыс істеген досын жоғалтқанына қайғыратынын жеткізген. Ислам Каримовтың бар өмірін халқына арнағанын айтып, оның қазақ елінің досы болғанына, екі мемлекеттің тату-тәтті көршілігін нығайтуға үлкен үлес қосқанына тоқталған.

Ислам Каримов бүгін туған қаласы Самарқандта жерленді. Оған еліміздің премьер-министрі Кәрім Мәсімов бастаған үкіметтік делегация барды.

Негізі тамыздың соңында-ақ, -инсульт алғаны жайлы ақпарат тарасымен ол қайтыс болды,- деген –ді, кейбір ақпарат құралдары. 

1-қыркүйекте Өзбекстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткесін айтылады, деді тіпті, кейбір ақпарат құралдары. Қыркүйектің 2-де күндіз өзбек билігі президентінің жағдайы ауыр екенін мәлімдеді. Кешке қарай әдеттегідей, әңгімелер желдей есті. Оның туған жері Самарқанда бейіт қазылып, көшелердің сыпырылып жатқанын хабарлағандар болды және суреттер жарияланды...

Ислам Каримов Өзбекстанды кеңес одағы кезінен басқарды - алдымен компартияның бірінші хатшысы, кейін тәуелсіздік алғасын, президенті. Орталық Азияда орналасқан Өзбекстанда демократиялық, ашық қоғам орнату мүмкіндігінің пайыздық шегі қанша? Бұл енді сарапшылардың шаруасы...

Биліктің ауысатыны, бұл жерде дәлірегі – енді кімнің президент болатыны туралы болжамдар, бірінші тақырып. Режим емес. Айтпақшы, миына қан құйылғанын кіші қызы Лола Тилляева-Каримова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Дикторлар «ауырып қалды» деген-ді ғана оқыды. Әрине, әдептен аспай сөйлеу керек. «Аттап өтпеу» мәдениеті бар... Мәселе Ислам Каримовтың отбасындағы «драмада» емес – үлкен қызының үйқамақта отырғаны, оның алдында әлемдік ақпарат құралдарында «телекоммуникация саласындағы орыс және швед компанияларынан 1 млрд долларға дейін пара алды» деп «сипатталып», жемқор атанғаны, интернет желісінде отбасы туралы «неше түрлі» жазғаны, ата-анасы, сіңлісімен араздығы және жұбайы Татьяна Акбарқызының «беделі» зор болғанында емес. Мәселе билік басындағылардың ымыраласа алып-алмауында. Кландардың бір-біріне соғыс ашпағанында. Осыған сәйкес – оқиғаның өрбуіне байланысты экстремистердің өрт тұтатпауында - бұл мемлекеттің ішінде және шекарасындағы Ауғаныстанда. Қысқа қайырғанда осы. Әйтпесе, жаңа айттық – режим ауыспайды.

 Кейбір сарапшылар Өзбекстан үшін сыртқы үш ойыншы бар деп есептейді: Ресей, АҚШ және тәлібтердің «досы» ДАИШ ұйымы. -Қытайдың ықпалы аздау,- дейді. Ресей Өзбекстандағы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің үстем болып қала бергенін қолдайды. АҚШ та ДАИШ ықпалы тарағанша, олардан ада ресми диктатураның бола бергенін қалайды.

Біздің ел үшін бұл тақырып бойынша өзекті мәселелерді топтасақ, бірнеше пункт бар. Мысалы, ...экстремизм-терроризм қаупі. Ал Сырдарияға келсек, трансшекаралық өзендерді пайдалану жалпы әлемде тараптар ымыраға көне қоймайтын мәселе. Бізге келетін судың көлемі, сапасына байланысты түйіндер де шиленіп қалған. Әйтсе де өзбектердің өздерінде де проблема. Сарапшы былай «тақтайдай кесіп» берді: 

Айдар Әлібаев, экономист:

Діни экстремизм проблемасы Өзбекстанда  әрқашан өткір. Өзбекстан билігі оны өте қатаң басып келеді. «Өзбекстан Ислам қозғалысы» ұйымы елден шығарылды...Алайда Хизбут тахрир бар. Бұл ұйымдардың жақтастары көп. Қарапайым адамдардың арасында. Кедейлердің. Бұл ұйымдардың шынайы мүмкіндіктері бар – осы массаны «көтеріп жіберуге». Ал Өзбекстандағы жаңа жағдайда мұндай ұйымдардың арасында белсенділік оянуы мүмкін. Олар міндетті түрде билікті «тексеріп» көреді. Қаншалықты қатыгез, қаншалықты тез қимылдайды, міне, осындай мәселелерге байланысты реакциясын байқау үшін. Жақын уақыттарда күтуге болады.

Трансшекаралық өзендер мәселесі де Өзбекстан үшін ылғи өткір. Олар Сырдария мен Әмударияның төменгі сағасында орналасқан. Шаруаларға су жетпей қалуы әрине, проблема. Жағдай ушықса, жаңғырығы Ақ сарайға жетеді. Ал екінші қыры - өзендер ағып келетін Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан суды алып қалумен қатар, Қамбар-Ата және Рагун гидроэлектрстанцияларын салып бастап, Ташкентті одан сайын ызаландырды. Гидроэлектрстанциялар арқылы қырғыздар мен тәжіктер өзбектерден энергия бойынша тәуелділіктен құтылғысы келеді. Қазір олар электр энергиясын өзбектерден алады. Бұған осы мәселені саяси инструмент ретінде қолданатын Ресейді қосыңыз. Бірнеше жыл бұрын Өзбекстан президенті тіпті «соғыс» туралы айтып қалған. Сондықтан жаңа жағдайда қырғыздар мен тәжіктер де өзбектердің тамырын басып көреді. Реакциясын тексеруге тырысады. Қазір проблема былай шешілген – қырғыздар мен тәжіктер станцияларын салып бітірген жоқ, жетпеген энергияны Ташкент жеңілдетілген тарифпен сатады. Бірақ бұл келісім ұзаққа бара қоймас. Әркім өзінің мүддесін, экономикалық пайдасын ойлайды. Ал қазіргі жағдайда қырғыздар мен тәжіктер өз мүдделерін қайтадан «ойлай бастауы» мүмкін.

«Газета.ру» порталы сұраған сарапшылар Каримовтың орнына баруы мүмкін кандидаттарды атағанда, ойлары бір жерден шыққан: Өзбекстанның Премьер-министрі Шавкат Мирзияев, оның бірінші орынбасары, Қаржы министрі Рустам Азимов, сондай-ақ, Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Рустам Иноятов. Олардың ішінде Мирзияев бірінші кезекте аталған. Шавкат Мирзияев Ресейдің аса ауқатты олигархы, өзбек Алишер Усмановтың туысқаны көрінеді. Өзбекстан тәуелсіздігі күні Тәуелсіздік монументіне гүлді соның қойғаны мәлім. Мирзияевтің Каримов жерленген Самарқандқа 1-қыркүйекте ұшып барғаны жазылды...