$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Алматы облысы Ащыбұлақ ауылының тұрғындары лай су ішіп отыр

24.02.2023ж. 20:00
2085
Алматы облысы Ащыбұлақ ауылының тұрғындары лай су ішіп отыр

Алматы облысы Ащыбұлақ ауылының тұрғындары лай, әрі дәмі қи татитын су ішуге мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, құбырлар ескі. 70 жылдан бері пайдаланылып келеді. Ал оны қашан ауыстырады деген көпшіліктің сұрағына әкімдік күнде ертеңмен тойдырған көрінеді. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Мөлдір Жақан тарқатып айтады.

Тұрғындар шүмектен ағатын лай, қи татитын суды қайнатып, өздері тазартып ішіп жүр. Оның өзі кешкі 4-те беріліп, 2-3 сағаттан кейін қайта тоқтап қалады дейді.

Нұргүл ЖОЛЫМБЕКОВА, АЩЫБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сарғыш су келді. Тура қидың түсі. Бала шағамен сол суды ішіп отырмыз.

1959 жылы салынған су құбырлары күнара жарылатын көрінеді. Сөйтіп, ауыл халқына саз-балшық, қи аралас лас су келеді.

Мейрамгүл ДІНІСТАНОВА, АЩЫБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қыстай ауырып шықтым, судікі значит. Ауырамыз-ауырамыз. Әкім жылда айтады ауыстырамыз деп құбырларды, мен оған сенбеймін.

Ал ауылдағы кейбір үйлер тіпті бұл суға да жете алмай отыр. Ол аумаққа құбыр да жүргізілмеген.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Ауыз суға зәру болған Ащыбұлақ ауылының халқы ауыз суды осындай құдықтан күн сайын бөтелкелеп алып, ішеді. Мұндағы судың да таза екендігіне күмән бар. Қарап тұрсаңыздар, айнала қоқысқа толы. Дегенмен, дәл қазір халықта бұдан басқа амал жоқ.

Гүлжархан ӘБДІМАНАП, АЩЫБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің күніміз мынау. Бізде су жоқ. Кешке дейін есек арбамен су тасимын. Қыс бойы осы. Есек тайғанайды, жығыламыз. Мұрнымыз қанайды, барамыз.

Аудан әкімдігінің өкілдері «барлығы қаражатқа кеп тіреледі» деп ақталады. Дегенмен, биыл су құбырларын жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді.

Дәурен МӘЛІБЕКОВ, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

300 млн ақша бөлінді жергілікті бюджеттен. Екі кезеңде салынады құрылыс жұмыстары. Қазіргі кезде конкурсқа хабарландыру беруге құжаттар дайындалуда. Мердігерлер анықталғаннан кейін жұмыстар басталады.

Жергілікті атқамінерлердің айтуынша, су құбырларын жөндеу жұмыстары 2024 жылы аяқталады. Олар 3000-нан астам халқы бар Ащыбұлақ ауылының әр үй толық таза ауыз суымен қамтамасыз етіледі деп уәде берді.