Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы кәмелетке толмағандардың заңды өкілі – қорғаушысының апелляциялық шағымына сәйкес бұған дейінгі үкімді қайта қарады.
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұған дейін сот айыпталушыны 25 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.
Бірінші сатыдағы сот жәбірленген балалардың анасымен бірге тұрған айыпталушыны кінәлі деп таныды. Ол балаларға бірнеше мәрте азғындық, зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Осы қылмыстардың жиынтығы бойынша 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, зардап шеккен балалардың анасының қорғаушысы қайта шағым түсірді. Апелляциялық шағымда адвокат тағайындалған жазаның жұмсақтығына назар аударды, үкімді өзгертуді және оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот тағайындаған жаза айыпталушы М.-ның 2 балаға қатысты аса ауыр қылмыс жасаған әрекетіне сәйкес келмейтінін анықтады. Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, кәмелетке толмаған жәбірленушілердің заңды өкілінің – қорғаушының апелляциялық шағымы қанағаттандырылды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Істің жабық режимде қаралуына байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.