Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

«Астана» телеарнасының дубляж бөліміне биыл 20 жыл

28.02.2023ж. 20:00
1692
«Астана» телеарнасының дубляж бөліміне биыл 20 жыл

Биыл «Астана» телеарнасына 30 жыл болса, дубляж бөлімінің ашылғанына 20 жыл толады. Бұл уақыт ішінде қаншама үнді, түрік, корей телехикаялары қазақ тіліне аударылып, көрермендерге жол тартты. Көпшіліктің күн сайын сериал кейіпкерлерімен бірге махаббаттың, өкініш пен сатқындықтың куәсі болуға мүмкіндік берген дубляж бөлімінің жұмысы туралы тілшіміз Аружан Серік айтады.

Аружан ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

«Ессіз махаббат», «Тағдыр талқысы», «Кішкентай келін». Таныған шығарсыздар? Иә, бұл - сіздер күн сайын тағатсыздана күтетін телехикаялар. Сіздерге жол тартпас бұрын олар бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен, қазақ тіліне аударылады. Содан соң, көрермен әр кейіпкердің эмоциясы мен жай-күйін сезіну үшін дубляж актерлерімен дыбысталады. Ендеше, микрофон артында отырған кімдер? Сіздердің сүйікті кейіпкерлеріңізді кім дубляждайды? Бірге білейік!

- Сәлеметсіздер ме?

- Сәлеметсіз бе!

- Өздеріңіз көріп отырғандай жұмыс қызып тұр. Өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

Ислам ЗЕЙНУЛЛАЕВ, ДУБЛЯЖ АКТЕРІ:

Мен осы «Астана» телеарнасында 15 жылдың төңірегінде жұмыс істеп келе жатырмын. Осы каналда біраз телесериалдар, ресейлік көркемфильмдер, мультфильмдер аударылды. Қазіргі таңда «Тағдыр талқысы» деген үнді сериалының Майхар кейіпкерін дауыстап жатырмын.

Дубляж бөлімінде қазір 30-ға жуық қызметкер бар. Дубляж актері, аудармашы, редактор, дыбыс режиссері, видеоинжер, бәрі-бәрі бірігіп, сапалы дубляж жасауға атсалысады.

Айтолқын АЛМАТОВА, ДЫБЫС РЕЖИССЕРІ:

Әртүрлі сериалдар. Уайымдап, сол кейіпкер туралы қалай болады екен, не болады екен деп. Қызық енді. Арасында комментарии айтамыз, күлеміз.

Аружан ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бір қарағанда дубляж жасау оңай сияқты. Дегенмен, өз кейіпкеріңді түсіну, оның дауысын салу, бет қимылдарын келтіру, эмоциясын дөп жеткізу - күрделі іс. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Астана телеарнасындағы сериалдарды сүйіп көретіндер көп. «Қыз ғұмыры», «Кекеш келін», «Абысындар»-дың рейтингі жоғары.

Әсемгүл МАҚАНОВА, ДУБЛЯЖ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ең есімде қалғаны – Қыз ғұмыры. Өте қызық болды процесс. Телекөрермендермен тығыз байланыста болдық ол кезде. Әжелер хабарласатын. Қызды аяйды, жылайды, звондайды. Бізге ұрысады: «Неге ана қызды еңіретіп қойдыңдар?» деген сұрақтар қояды. Бізді көрермен мақтап жатса, біздің қазақ тіліне аударып жатқан сериалдарымыз ұнап жатса, ол біз үшін ең үлкен, жоғары баға.

Ислам ЗЕЙНУЛЛАЕВ, ДУБЛЯЖ АКТЕРІ:

Мен үшін дубляждың жаңағы кейіпкерімен толқып, оның әрбір состояниесін, образын берудің өзі мен үшін үлкен ғанибет. Сондықтан мың құбыласың. Сол кейіпкермен ақ тер, көк тер боласың.

«Астана» арнасының дубляж бөлімі шетелде көрсетіліп жатқан туындыны бірден аударып, көрерменге ұсынады. Әрі қарай да көрермендерді жаңа әрі шым-шытырман оқиғаларға толы телехикаялармен қуанта бермек.