$523.86 €544.34 ₽5.11
×

"Астана" телеарнасының сюжетінен соң шетелдікке сатылып кеткен жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

02.03.2023ж. 20:00
1269
"Астана" телеарнасының сюжетінен соң шетелдікке сатылып кеткен жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

"Астана" телеарнасының сюжетінен соң Атырауда шетелдікке сатылып кеткен жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Нәтижесінде Жайық өзені жағасына заңсыз құрылыс нысанын салуға жол берілген жоқ. Оқиға 2013 жылы болды. Сол кездегі қала әкімі Асқар Керімов Үндістан елінің азаматына қаладағы көрікті жерді меншіктеуге рұқсат берген. Алайда біздің тілшілеріміз дайындаған сюжеттен соң астыртын әрекет іске аспады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қазақстан азаматы болмаса да, мигрант мейманның иелігіне кете жаздаған Жайық жағалауы – осы. Халық демалатын көрікті орынға Али Коя есімді Үндістан азаматының көзі түскен. 1 500 шаршы метр аумақ 3 млн теңгеге бағаланып, сатылған. Бұл - сол кездегі курспен 20 мың АҚШ долларына тең. Материал дайындау кезінде қала әкімдігінің тиісті органдардан келісім алмағаны белгілі болды. Жайық-Каспий бассейндік инспециясының сол кездегі басшысы Бисен Қуанов өзен мен жер учаскесі арақашықтығын өлшеп, заңды белшесінен басқан деген баға берді. Ереже бойынша жағалауға 35 метрден жақын жерге қандай да болмасын нысан салуға болмайды.

Бисен ҚУАНОВ:

Бөлінген жер учаскесі Жайық су дейңгейініне 13-14 метр жерден бөлінген. Бұл заңға қайшы. Суға қатыса бар инспекцияларды комиссияның құрамына кіргізбей, не болғанда да айналып өту жолдарын қарастырған деп есептеймін.

Үндістан азаматы өзен жағасына мейрамхана мен қонақ үй кешенін салуды жоспарлаған. Қоршау өзен бекінісіне тым жақын болғандықтан, серуендемек түгілі, адам өтетін жол да қалмады. Алайда әкімдік пен шетелдіктің астыртын әрекетінен түк шықпады. Сюжет эфирге берілген соң табиғат қорғау прокурорлары тексеріс жүргізіп, сотқа талап арыз берді. Нәтижесінде сот жағалаудағы аумақты мемлекет меншігіне қайтаруға шешім шығарды. Мамандар мұны мұрағаттағы құжаттарды көтеріп, растап берді.

Еркебұлан ЕРМЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТАБИҒАТ ҚОРҒАУ ПРОКУРОРЫ:

Прокуратура органдары "Астана" арнасының тілшілерімен тұрақты түрде бірлесіп, қызмет жасап жатырмыз. Соның бірі ретінде 2013 жылы Жайық жағалауының су қорғау белдеуінен берілген жер учакесіне қатысты айтуға болады. Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талап арызымен су қорғау белдеуінен берілген жер учаскесі заң талабына қайшы келуіне байланысты сотқа талап арыз беріліп, сот шешімімінен мемлекет қорына қайтарылды.

Мамандар өзен жағасына құрылыс салу үшін бассейіндік инспекцияның келісімі міндетті,- дейді. Ал ол кезде комиссия құрамына әдейі енгізілмеген болуы мүмкін.

Тұрлан СҮЛЕЙМЕНОВ, ЖАЙЫҚ-КАСПИЙ БАССЕЙІНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қаулыға сәйкес, Атырау қаласында қашықтығы су қорғау белдеуі дейміз ғой 35 метрден 100 метрге дейін. Бұл су қорғау белдеуіне қатысты. Қаулыда көрсетілгендей біздермен міндетті түрде келісіледі.

Осылайша қаланың экс-әкімі қол қойған қаулының да, мемлекеттік акттің де күші жойылды.