$486.65 €524.46 ₽5.05
×

Қостанайда қоғамдық көліктердің 75 пайызы ескі

03.03.2023ж. 20:00
883
Қостанайда қоғамдық көліктердің 75 пайызы ескі

Қостанайда қоғамдық көліктердің 75 проценті тозған. Ескі автобустардың іші жазда -ыстық, қыста- суық. Тасымалдаушылар «автопаркті жаңалауға шамамыз жетпейді» дейді. Ал қала билігі түйткілді шешудің жолдарын қарастырып жатқан көрінеді. Қолайлы көлікке қостанайлықтардың қолы қашан жетеді? Сауалдың жауабын Заңғар Санай іздеді.

Қазір қала көшелерінде жүрген автобустардың дені 90-шы жылдары Еуропа зауыттарынан шыққан. Ескі көліктер жиі сынады. Автопарктегі шеберлердің жұмысы- қауырт. Күн сайын бірнеше автобусты жөндеп, бөлшегін ауыстырады. Қосалқы бөлшектің құны да бір жылда екі есе қымбаттаған.

Александр ВОЛКУН,ТАСЫМАЛДАУШЫ КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жыл өткен сайын әрине, автобус ескіре береді. Біздегі 70 көліктің оны ғана- жаңа. Оның өзін 5 жылға несиеге алдық. Тағы жаңасын сатып алайық десек, табысымыз жеткіліксіз.Түйткілдің түгелі қаржыға тіреледі.

Қостанайда 39 бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынайды. Тозығы жеткен автобустар көпшіліктің көңілінен шықпайды. Бірақ басқасы болмаған соң амалсыз жүреді.

БЛИЦ:

- 5-ші маршрутқа мінем көбіне. Көп күтеміз. 10 минут болды күткеніме. Кейде одан да көп күтеміз.

- Біріншіден көп кешігеді. Екіншіден жағымсыз иіс бар ішінде. Көбіне пеші істемейді. Суық болады.

Қостанайда барлығы 250 қоғамдық көлік бар. Соның 70 пайыздан астамы әбден ескірген.

Данияр СӘБИТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТҮКШ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Биыл тасымалдаушыларды субсидиялауға 4 млдр теңге бөлінді. Соның ішінен жаңа көлік сатып алуға қажетті алғашқы жарнаның 20 пайызын төлейтін боламыз. Алдағы уақытта оның нақты тетіктерін анықтап, шешім қабылдаймыз.

Әкімдік биыл 54 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Оның барлығы еліміздің зауыттарынан жеткізіледі. Қазір Қарағанды облысындағы кәсіпорынмен келіссөз жүргізіліп жатыр. Қаладағы барлық қоғамдық көліктің жартысы жаңартылмақ.